Домой Мақалалар ОРЫНСЫЗ ЕЛІКТЕУ ОРҒА ЖЫҒАДЫ, ГАРМОНИЯ ӨРГЕ ШЫҒАРАДЫ

ОРЫНСЫЗ ЕЛІКТЕУ ОРҒА ЖЫҒАДЫ, ГАРМОНИЯ ӨРГЕ ШЫҒАРАДЫ


Ораз Баймұратов

Менің бұл мақаланы жазуыма көптен бері өзімді толғандырып жүрген тақырыпта көрсетілген мәселе себеп болып отыр. Соңғы кезде азаматтарымыздың жан-жаққа еліктеуі белең алып кетті. Бізде қазір екі адамның бірі «дамыған ел» боламыз дейді. Дамыған деп Еуропа, Америка, Жапонияны айтады. Олар тек экономикасын, не инновациясын қарайды. Біздің зерттеуіміз бойынша, бұл елдер біржақты ғана дамыған, сондықтан түбінде қатты күйзеліске ұшырау қаупі қалыптасып жатыр. Оны қалай дәлелдейміз? Демографиясына келсек, Еуропаның бірқатар елдері болсын, кейбір Азия елдері болсын, не болып жатыр? Қарттары көп, жастары аз. Жастары неге аз? Өйткені, туу аз. 3-4 бала туу өте сирек. Көп болса 1- 2 бала болады. Халық даму үшін, өсу үшін кемінде әр жанұяда 3 баладан болуы керек. Бұл демографияның өсу заңы. Бірақ іс жүзінде аталған елдерде жағдай керісінше. Сондықтан, бара-бара, ғалымдардың болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін бұл этностар соғыспай, атыспай, шабыспай жоқ болып кету қаупі өте зор. Кейбір авторлардың жазуынша, Еуропада 2050 жылы демографиялық суицид орын алады. Өте ренішті, қатты ойландыратын жағдай. Бұл демографияның күрт түсіп кеткеніне байланысты. Осылайша этностар қартайып, сандары жыл сайын азайып барады. Өз басым шет мемлекеттерде болған кездерімде жағымды жақтарымен қатар осы құбылыстарды, өкінішке орай, көзіммен көріп жүрмін. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, бұл тоқтамайтын, кері қайтарылмайтын процесс. Егер рухани жолға түспесе, осылай болуы әбден мүмкін. Мәселе осында. Мұндай демографиялық дағдарыстың қауіпінен ертеңімізді ойлап аулақ жүрейік. Осы бізге сабақ болсын, ағайын.

Ал, айтып отырған дағдарыс тоқталмаса, тіпті этнос жоғалуға дейін барса, тіл де, жалпы өркениетте, әрине,болмайды. Сонда біз кімге және неге еліктеп жатырмыз? Жастарымыз қазіргі уақытта осы елдерге кетіп жатыр. Жоғары оқу орындарын сол елдерде бітіріп көп балаларымыз Отанына қайтпай, сол елдерде қалып қоюда. Саналы, жоғарғы білімі бар кадрлардың елден кету үдерісін тоқтату – біздің міндетіміз.

«Дамыған» елдерде демография неге түсіп жатыр? Өйткені, рухани дамулары төмендеп барады. Діннің жағдайын қарасақ, шіркеулері бос тұрады, себебі келушілер өте аз. Англияда шіркеулерді мұсылмандарға жалға береді. Осы көріністердің түпкі себебі – дінді ұстаудың түсіп кетуінде.

Айта кетейін, болашақты нақты болжау өте қиын. Бірақ қазіргі таңда демографиялық дағдарыстың орыналып жатқаны рас. Бұл құбылысты тоқтатуға болмайды деген жоғарыда айтылған пікірмен келісуге бола ма? Біз бұл пікірмен сөзсіз санаса алмаймыз. Аллаға сенетін адам ретінде,жоғарыда айтылған этностар жоғалып кетеді деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Шындық толығымен тек Жаратушыға ғана аян. Ескере кететін бір мүмкіншілік бар, ол яғни біздің ойымызша, егер сөз етіп отырған этностар қазіргі өздерінің кейбір азаматтары сияқты тура жолға түссе, яғни бір Аллаға сеніп иманды болса, олардың демографиясы жақсарып, қайта қалыпқа келуі мүмкін екенін жоққа шығармайық. Бұл жағдайда олар құрымайды, жоғарыда айтылған суицит іске аспайды, азайып кетсе де мүлдем жоқ болмайды деген үміт орнайды. Осыған тілектес болайық!

Шынайы дін- жеке адамның, жалпы қоғам өмірінің негізі. Осы қағидаға сүйене отырып, Қазақстанның өз жолы болуы қажет деп санауға болады. Біз басқа жақтан орынсыз үлгі алмай, дұрыс бағытқа түсейік.

«Еліктемейміз ешкімге» деп көкіректеніп жүріп, артта қалып қоймаймыз ба? Батыс елдерінің кейбір оңтайлы құндылықтарының бар екенін жоққа шығармайық. Ғылымға қатты көңіл бөлу, инновациялық даму, қоғамдық тәртіп, үйде де түзде де тазалық, тауарлар мен қызмет көрсетудің жоғарғы сапасы, қоршаған ортаны қорғауға көңіл бөлу, эстетиканы жоғары бағалау, т.б. құндылықтар бар екенін мойындау керек, соған үйрену қажет. Сол үшін рахметімізді айтқанымыз жөн.

Қазақстан мемлекеті егеменді ел болып, дами алатынын дәлелдеп келеді. Мен өзім сонау Қайта құру кезеңінен бері айтып жүргенімдей, ұлтымыздың жасампаз қабілеттілігіне, ғылымымыздың өркендеп дамитынына кәміл сенемін. Оның бір дәлелі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары әлемдік ғылымға өз үлестерін қосып жатыр. Тек соңғы 4-5 жылда еліміздің ғалымдары ашқан ғылыми жаңалықтары аз емес. Мысалы, Академик Мұрат Жұрынов бастаған бір топ ғалымдар «титан» деген химиялық элементтің табиғи қасиеттерінің заңын әлемде бірінші болып ашты.
Сонымен қатар, әлеуметтік Гармония заңы алғаш рет біздің елімізде ашылды. Осыған байланысты толығырақ айтатын бір жәйт, ескеретін сабақ бар.

Гуманитарлық ғылым саласында жаңа заң ашу әлемде жыл сайын бола бермейді. Жүздеген жылдарда бір рет болатын жағдай. Мысалы, сонау антика заманынан бүгінгі күнге дейін Сократ пен Аристотельден бастап қанша ойшылдар, керемет ғалымдар, данышпан аталған классиктер ашпаған заңды қалай Қазақстанның сонау Солтүстігіндегі шалғай ауылда туып өскен азамат ашқан? Бұл мүмкін бе? Мұның сыры неде? Құпия емес айтайын. Автор Құран Кәрімді оқып отырып, Тура жолдың не екенін, ал адасқандардың жолы қандай болатынын түсінді. Ғылым бұрын адам қамшының сабындай қысқа дүниеге қандай мақсатпен келетініне назар аудармаған, рухани дамудың өте жоғары ролін ескермеген, тек материалдық құндылықтарға жетуді мақсат етіп қараған. Бұл адасқандық. Осыны автор Алланың Қасиетті Кітабын оқып отырып байқаған, ғылымда «Гармония-дисгармония» дуалды ұғымын Тура жол тұрғысынан қарап, жаңа ғылыми экономикалық заң ашты, осы жаңалық үшін диплом алды. Қазір әлемде көп ғалымдардың ашқан заңдары бұдан 1400 жыл бұрын Құран Кәрімде жазылған. Бұл Қасиетті Кітап-тұнып тұрған ғылыми жаңалықтардың қайнар көзі Мұны мойындап жүрген әр саланың ғалымдары аз емес. Біздің Исламда дін мен ғылым егіз туған қыздыр ретінде қаралады. Егер де ғалымдар Ислам жолында жүрсе, не болмаса басқа дін өкілдері де Қасиетті Кітапты оқып жүрсе, ғылыми жаңалықтар әлдеқайда бұрын ашылар еді, біздің даму деңгейіміз бұдан да жоғары болар еді. Сонда Қазақстанға еліктеушілер бұрыннан-ақ болар еді. Елімізді үлгі тұтатындардың қатары көп болуы мүмкін.

Ашылған екі заңға авторлар дипломдар алды. Академияның әр саласында жаңа заңдар ашу- ғылымның ең биік Эльбрусы деп санауға болады. Мұндай өте жоғары жетістіктер кез келген академияларда бола бермейді. Мұны айтып отырған себебім-мақтану үшін емес, жоқ, ғылымның көзден таса қалмауы, билікпен бизнестің назарын аударуы, ғалымдарға жағдай жасалуы үшін. Ғылымсыз дамыған, дербес ел болу мүмкін емес. Осыған орай, Ұлттық Ғылым академиясына қаржы беруді ойластырып, қазіргідей (айтуға қолайсыз) оны мүлдем жоқ қылмайық. Сонда Академияда, басқа да ғылыми орталықтарда тағы да жаңа ғылыми заңдар ашылуы әбден мүмкін. Ал біздің ғалымдардың толып жатқан патентттері, авторлық куәліктері өз алдына бір төбе.

Орынсыз басқаларға еліктемесек, сонда біздің өз жолымыз қандай? Ол Гармония жолы, оның формуласы оңай,мағынасы терең: D1+ 3D 2.3.4.. Яғни Гармония 4 сфераның бір-біріне сәйкес, үйлесімді дамуынан құралады.

Бірінші сфера – демоэтика D1, яғни рухани байлықтарымыз, оған жататындар дін, тіл, білім, ғылым, мәдениет және басқа құндылықтар. Шынайы діннің рөлі өте зор, ол бар ел – бақытты ел, әр адамның, жалпы қоғамның өмір сүруінің негізі. Біздің еліміздің шынайы Ислам діні, әдемі тілі, дамып жатқан ғылымы, кемелденген әдебиеті мен өнері, жоғарғы адамгершілігі бар, сондай-ақ, көркем мінезді азаматтары, рұқсат етілген және тыйым салынған сияқты құндылықтары, тағы да басқа ерекше қалыптасқан рухани байлықтары бар. Ислам дінінің болашағы зор. Әр адам барлық елдерде мұсылман болып туады екен. Өсе келе ол тәрбиеге байланысты басқа дінге ауысып кетуі мүмкін. Ал кәзіргі таңда әлем бойынша, барлық континенттерде Ислам тарап жатыр, басқа діннің адамдары оны қабылдауда. Бұл бүкіләлемдік үрдіс, тренд. Шынайы Ислам дінінде терроризмге, радикализімге жол берілмейді.

Еліміздегі тіл саясатында шешетін мәселелер жоқ емес, бар. Үш тілді, тіпті одан көп тілді білу, әр адамға (қарт болсын , жас болсын) міндет бола алмайды. Ең бастысы әр азамат өз ана тілін білуі міндетті. Қосымша басқа тілдерді білсе, полиглот болса нұр үстіне нұр болады.

Білім саясатында «дамыған» елдерде тар профильді мамандар, яғни технократтар дайындайды. Бұған еліктеуге болмайды. Тек қана өзіңнің мамандығыңды білу жеткіліксіз. Нағыз Гармониялық азамат жан-жақты дамыған болады. Ол мамандығын жақсы игере отырып, шынайы дінді, ана тілін, халқының тарихын , мәдениетін, әдебиетін керегінше білетін адам. Біздің оқу орындары осы мәселені қарастырып, дұрыс шешім қабылдауын қалаймыз.

Екінші сфера – демография D2 . Жоғарыда айтылғандай, ол жақсы дамуы қажет, баланы жасанды түрде негізсіз алып тастауды , туған нәрестені далаға тастауды тоқтату керек. Тура жолға сәйкес әр жанұяда балалар санын көбейту ел мүддесі үшін қажет. Сонымен қатар шет елдердегі бауырларымызды ата мекеніне қайтарудың қамын жасайық. Сөйтіп демография мәселесін кешенді түрде шешуді ойластырайық, ұлтымыздың көп болуынан сескенбейік, өйткені территориямыз ұлан-байтақ, қазба байлықтарымыз жеткілікті. Осыларды тиімді пайдалану – аса маңызды, шешуге болатын мәселе.Халықтың күн көрісін төмендетіп алмау үшін қазіргі таңда тағы не қажет? Ысырапшылдықтан аулақ болу өте керек. Пайғамбарымыздың Хадистерінде айтылғандай, мұсылмандар мүмкіндігінше бір-бірлеріне көмектесуі керек. Сондықтан бай болам деп, өте жағымсыз сараңдыққа түспейік, өзара даңққойлыққа бәсекеге түскенше, бір-бірімізге жомарт болып, қайырымдылықпен жарысайық. Елімізде мұқтаждарға көмегін беріп жатқан олигархтар аз емес. Солардың қатары көбейе берсінші.Бұған қоса мемлекет өзінің қаржы ресурстарын тиімді пайдаланып, мүмкіндігінше көп балалы жанұяларға, мүгедектерге, жалғыз басты қарттарға басқа да мұқтаж адамдарға көмек көрсету өте қажет. Тағы басқа да шаралар жоқ емес бар. Сөйтіп нағыз әлеуметтік мемлекет құруымыз әбден мүмкін, ол қажет те.

Үшінші сфера – демократия D3, адам құқықтарын толықтай қамтамасыз ете отырып, оның шектен шықпай дамуы және теріс құндылықтарға жол бермеу (арақ ішу, темекі тарту, бір жынысты үйлену, өз жынысына тән емес қисынсыз іс-әрекетке жол беру, ашық-шашық киіну, өз ата-аналарын қарттар үйіне өткізіп жатқандар, өкінішке орай, кездеседі, тағы басқа жарамсыз көріністерді болдырмайық). Мәдениетаралық коммуникацияны дамыту, өзара түсіністік пен бейбітшілкті, Шығыс пен Батыс, барлық континенттер арасындағы көпірлерді салу, мемлекеттер арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамыту қажет. Дініміз, тіліміз, тарихымыз, жалпы рухани байлықтарымыз ортақ болғандықтан Түрік әлемінің саяси – экономикалық одағын құру мәселесін көпке созбай қарастыру керек. Бұл ұсынысты айтып жүргенімізге бір жылдай болды. Бірақ ресми шешім әлі қабылданған жоқ. Өкінішті жағдай.

Төртіншісі сфера – демоэкономика D4, яғни экономика мен әлеуметтік жағдайдың жеткілікті дамуы, Ислами экономикалық модельмен қаржыландыруды кең түрде пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту, көлеңкелі бизнесті, сыбайлас жемқорлықты мүлдем болдырмау, халал индустрияны дамыту, байлардың кедейлерге материалдық көмек көрсетуі, бизнесте әріптестік қарым-қатынастар орнату, адамдардың денсаулығына кері әсер ететін зиянды тауарлар мен қызметтерді жою, жасыл экономиканы дамыту сияқты оңтайлы үдерістерге жол беру. Ал қазіргі батыстық либералды модель дағдарысқа үздіксіз апарып жатыр, Ол адамдарды, тіпті мемлекетерді қарызға белшесінен батыратын әдіс. Пайызбен қарыз алу және беру түбінде азаматтардың әл-ауқатын, отбасының берекесін кетіреді, тіпті ажырасуға дейін апарады, өзін-өзіне қол салуда кездесіп жатыр. Елімізде бар өндіріс орындарының мүмкіндіктерін, әсіресе негізгі қорын толық пайдаланбай, еңбек өнімділігін жоғары көтермей, кейбір компаниялар, фирмалар жаңа инвестицияны талап етіп тұрады, соның салдарынан «инвестомания» ауруы пайда болды. Инвесторлар елімізден арзан бағаға шикізаттарымыз бен қаражаттарды ауқымды түрде алып кетіп жатыр. Шын мәнінде инвесторларды таңдау саясаты мүддемізге толық сай түрде жүргізілуі керек. Қазіргі кезеңде басты талаптарды шетел инвесторлары емес, өзіміздің ұлттық үкіметіміз, компаниялар мен фирмалар қоюы қажет. Инвестициялық климат жақсы бола берсе, шетел инвесторлары елімізге келуі үшін, олар озара бәсекеден өтуі керек. Олар Қазақстанның мүдесіне толық сай болуы маңызды мәселе. Ислами инвесторларға көп көңіл бөлу керек. Жергілікті олигархия өкілдері өз қаражаттарын отандық банкттерде сақтаса, немесе өндіріске инвестиция құйса, экономикаға көп көмек болар еді. Егер Отанымыздан капиталдың шетке кетуін негізінен тоқтатсақ , теңге құны долларға қарағанда әлдеқайда жоғары болар еді. Нәтижесінде, халықтың әлеуметтік жағдайына оңтайлы әсер беруі сөзсіз. Қазір кейбір елдерде, оның ішінде біздің Қазақстанда шеттен қарыз алу, өзіміздің банктерден алынған несиеге өмір сүру, сол үшін пайыз төлеу- өте жарамсыз жағдай (харам). Осыны көбейтпей, қайта азайта беру, тіпті жоқ қылу-қаржы саясатының басты міндеттерінің бірі. Сонда банктер қалай жұмыс істей алады? Біздің ұсынысымыз- коммерциялық банктердің инвестициялау бағытына көшкені рухани және экономика тұрғысынан дұрыс болар еді. Банктер компанияларға инвестиция мен бірге пайызсыз қарыздар беріп отырса, осы екі қаржылар бір-біріне қосылып, синергия тудырып, екі жаққа да пайда береді. Бұл жаңа ғылыми идеяны банктер тәжрибие ретінде тексеріп алса, дұрыс болар еді.

Айта кететін тағы бір мәселе бар. Бұрын жазып жүргеніміздей, Жаратушымыздың бізге берген аманаты, аталарымыздың «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғаған жерімізді шетелдік адамдарға, мемлекеттерге сатуға да, жалға беруге де мүлдем болмайды. Оның теріс салдары әбден мүмкін және іс жүзінде болып та жатыр. Осыны естен шығармайық.

Жазып отырған 4 бағытты қатар дамытсақ, бізде тұрақты өркендеу, жан-жақты даму, Иншалла, болашағымызда жарқын көрініп тұратын болады. Елімізде Гармония, яғни жоғары рухани байлық пен жеткілікті материалды тұрмыс, әділетілік пен мейірімділік, достық пен махаббат, мол бақыт, тағы да басқа оңтайлы құндылықтар орнайды. Сондай-ақ, ұлттың жойылып кету қатері болмайды. Сондықтан, Тура жолдың негізінде Гармония бағытына түсейік. Біздің «30 дамыған ел» қатарына кіруімізді тек экономика, инновация тұрғысынан жоспарлауға болады. Керісінше, Гармония бағытында басқалар Қазақстанға еліктесін, олар бізді қуып жетуге тырысулары әбден мүмкін. Осы тұрғыдан еліміздің мол табиғи байлықтарын, өңдеу және инновациялық өндірісін кеңінен дамыту, кең байтақ жерін, географиялық ыңғайлы орналасуын, діни, адами, ғылыми, басқа да мүмкіншіліктерді халықтың мүддесіне толық пайдалану әрқашанда өте маңызды мәселе. Елдің даму деңгейін мүмкіншіліктердің қалай іске асып жатқаны арқылы бағалау керек. Әр елдердің дамуын халықаралық рейтингісін тек экономика тұрғысынан емес, жан-жақты кешенді түрде анықтау кажет.

Тура жолда Гармонияны қалыптастыру ұстамдылық, парасаттылық, адалдық, әлеуметтік әділеттілік, жауапкершілік, қайырымдылық, ашықтық, серіктестік және бір-бірімізге сенім сияқты бірнеше іргелі қағидаттарды кешенді түрде қолдану арқылы жүзеге асырылады. Осындай Гармония гаухар тастай жарқырап тұрады. Оның цифрлық индексін анықтауға болады, ол қажет те. Осы индексі жоғары елдер бүкіл әлемге үлгі бола алады. Солардың қатарында өзіміздің Қазақстанның болуын қалаймын!

Ақын болмасам да, жоғарыдағы айтылған ойларымды түйіндеп мынадай өлең жолдарымен жеткізгім келеді:

Ойлан , қазақ, ойлан,
Тура жолдан таймаң,
«Дамығанға» еліктеп,
Адасып айдалада қалмаң.
Құндылығын басқаның,
Рухани електен өткізің.
Терісінен қаш жиреніп,
Оңына қатты қызығың!

Біздің ойымызша, жалпыадамзаттық үміт мынадай: «Гармония әлемді сақтап қалады!». Осы жөнінде айтып та, жазып та  жүрмін. Амал қанша, әзірше биліктен қолдау таппадым, алдағы уақытта бұл жағдайдың оңтайлы өзгеруіне, алдағы жаңа сайланатын Президенттің, халқымның қолдауына кәміл сенемін . Басқа ақылға қонымды балама жоқ.

Мақалада біреулерді кемсіту, өкпелету сияқты ойдан мүлдем аулақпын. Елімізге керек болғандықтан пікірімді ашық түрде жазып отырмын. Қате кетсе кешірім өтінемін. Туған еліміздің әр азаматына екі дүниенің тек бақытын тілеймін! Жаратушы барлығымызға жар болсын! 

Ораз Баймұратов,
Қазақстан республикасының
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Әлеуметтік экономика және қаржы
институтының директоры

comments powered by HyperComments