Домой Новости Петропавлда Наурызға жеті түрлі киіз үйлер тігіледі

Петропавлда Наурызға жеті түрлі киіз үйлер тігіледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірісов Петропавл Наурызды қалай тойлайтыны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Негізгі шаралар 21 наурыз күні облыс әкімдігінің алдындағы басты алаңда өтеді. Онда театр қойылымдары, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, сауық-сайрандар, спорт жарыстары болады. «Бас алаң Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған пікірлерді ескере отырып безендіріледі. Жеті түрлі тақырыпқа арналған киіз үйлер тігіледі. Олардың бірінде энеолит дәуірінің «Ат міну мәдениеті, Ботай көрмесі» атты археологиялық мәдениет көрсетіледі. Екіншісі – «Ұлы даланың ежелгі металлургиясы», үшіншісі – «Аң стилі», төртіншісі – «Алтын адам», бесіншісі – «Түркі дүниесінің бесігі» алтыншысы – «Ұлы Жібек жолы», жетіншісі – «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп аталады», – деді Д. Әбдірісов. Оның айтуынша, қолөнершілер көрмесіне Ресейдің шекара маңындағы өңірлерінен де шеберлер келеді. Ақын Ерік Асқаровтың 60-жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы болады.


https://www.inform.kz/kz/petropavlda-nauryzga-zheti-turli-kiiz-uyler-tigiledi_a3507037

comments powered by HyperComments