Домой Новости Ақылы жолдардан 40 миллиард теңге жиналады – Роман Скляр

Ақылы жолдардан 40 миллиард теңге жиналады – Роман Скляр

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр ақылы жолдардан түсетін табыстың көлемін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, автомобиль жолдарын күтіп ұстау және сақтау мақсатында ақы алу жүйесі енгізіліп келеді. Биыл қаңтар айының соңында жалпы ұзақтығы 471 шақырым болатын Алматы-Қорғас (295км), Алматы-Қапшағай (42км) және Астана-Теміртау (134км) жол учаскелерінде ақы алу жүйесі толық іске қосылды. Осы жылдың соңында барлық ақылы жолдардан түсетін жыл сайынғы қаржының көлемі шамамен 5 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын болады. «Келесі жылы ақы алу жүйесін тағы 5 мың 500 шақырымға жүргізу жоспарлануда, ол автомобиль жолдарын күтіп ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. 2022-ші жылдың соңына қарай ұзақтығы шамамен 6 мың 500 шақырым жол ақылы болады. Ал одан түсетін қаржы 40 миллиард теңгеге жетеді деген болжам бар. Аталған қаржы жолдың өзін-өзі күтіп ұстау режиміне өтуге мүмкіндік береді», – деді Р.Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында. Айта кетейік, отырыста «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Биыл 4 400 шақырым жолды салу және қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. «Қарағандыдан Алматыға дейін және Ақтөбеден Ресей Федерациясының шекарасына (Астраханьға) дейін құрылыс жұмыстары басталады. Жыл соңында қайта жаңғыртылған 654 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарлануда. Астана-Павлодар (441 км), Щучинск-Зеренді (80 км), Бейнеу-Ақжігіт (85 км), Таскескен-Бақты (20 км), Жетібай-Жаңаөзен (73 км) жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталады», – дейді Р.Скляр. 

https://www.inform.kz/kz/akyly-zholdardan-40-milliard-tenge-zhinalady-roman-sklyar_a3504427


comments powered by HyperComments