Домой Новости «Уфа» басшысы «Қазақ Мессиінің» болашағы туралы айтты

«Уфа» басшысы «Қазақ Мессиінің» болашағы туралы айтты

«Уфаның» бас директоры Шамиль Газизов команданың шабуылшысы Еркебұлан Сейдахметтің Инстаграмдағы қоштасу жазбасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап. «Сейдахметтің «Уфадан» кетуіне қатысты әңгімеге негіз бар. Ертең бұл туралы жариялауға тырысамыз. Егер барлығы ойдағыдай өтсе, ол басқа клубқа ауысуы мүмкін», – деді Ғазизов. Оның сөзінше, бұл трансфер емес, аренда болуы ықтимал. Дегенмен, «Уфаның» бас директоры Сейдахмет баруы мүмкін клубтың да, елдің де атын атамады. «Сейдахметке Қазақстан ғана емес, өзге елдер де қызығушылық білдіріп отыр», – деді ол. Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында трансферлік терезе 3 сәуірге дейін ашық. Еуропалық өзге чемпионаттарға келсек, қысқы тіркеу кезеңі, сондай-ақ Болгарияда (28 ақпан), Украинада (1 наурызға дейін), Латвияда (1 наурыз), Норвегияда (1 сәуір), Швецияда (4 сәуір) аяқталған жоқ. Ал мықты азиялық чемпионаттар арасында трансферлік терезе Қытайда, Оңтүстік Кореяда және Жапонияда ашық. Еске салайық, бұған дейін «Қазақ мессиі» атанып кеткен Еркебұлан Сейдахмет Алматыға келіп, әлеуметтік желі арқылы «Уфамен» қоштасқан болатын. Ол Инстаграмда: «Рахмет, «Уфа»!», – деп жазып команданың фотосын орналастырды. Сондай-ақ осыған дейін қазақстандық спортшы «Ордабасы» командасына ауысуы мүмкін екені хабарланған болатын. Тіпті тараптар келісімге келіп қойды делінген еді. Бірақ кейін анықталғандай, «Уфа» басшылығы бұл шешімінен бас тартты. Шымкенттік клубтың менеджерлері болашағынан зор үміт күттіретін футболшыны өз қатарына қосу үшін бар күшін салған. Алайда, «Уфа» басшыларына Сейдахметке қатысты жаңа, бұдан да тиімді ұсыныстар түскен. Оның қандай ұсыныс екені ол кезде де айтылмады. Еркебұлан «Тараздан» «Уфаға» 2018 жылдың ақпанында ауысқан болатын. 2018/19 маусымында «Уфаның» негізгі командасы құрамында екі матч өткізді. Бұл ретте, нәтижелі голдармен ерекшеленген жоқ.


https://www.inform.kz/kz/ufa-basshysy-kazak-messiinin-bolashagy-turaly-aytty_a3502791

comments powered by HyperComments