Домой Новости Түркістанда ескі үйді бұзу оқиғасына қатысты әкімдік түсініктеме берді

Түркістанда ескі үйді бұзу оқиғасына қатысты әкімдік түсініктеме берді

2019 жылғы 30 қаңтарында ақпараттық порталдарда «В Туркестане едва не снесли дом, в котором находились люди» атты материалға орай Түркістан қаласы әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Материалдағы шағымданушылар Түркістан қаласы Рабиға Сұлтан бегім көшесінің 12/1 үйін жалдап тұрған азаматтар, бұл үйде заңды тіркелмеген. Аталған үйдің заңды иесі Омаров Мұхамеджан өз үйін мемлекет мұқтаждығы үшін беруге бағалау құнымен (9 млн 656 мың теңге) келісіп, тиісті өтемақы мемлекет тарапынан есеп шотына аударылған. Үй 1970 жылғы жапсарлас типті салынған. Тұрғын жай 82 шаршы метрді құрайды. Жер көлемі – 0,0063 га. Келісім берген заңды иесі М.Омаров үйдің бұзылатындығы туралы жалдап тұрған отбасыға алдын ала бірнеше күн бұрын ескерткен. Сонымен қатар, 2019 жылғы 29 қаңтар күні осы үйдің жапсарласы Р.Сұлтан бегім 12/2 үй (иесі Оглай Аллабергенова үйі 11 млн 392 мыңға бағаланған, қаржысын алған) бұзыла бастағанда 12/1 үйдің тұрғындарына ескертілген. Үй бұзылмай тұрып, тұрғындардың көшуіне және басқа үй жалдауына әкімдік тарапынан қаржылай көмекте берілген. Бірақ осы жағдайларды ескерместен аталған үйдің тұрғындары көршілерімен ұйымдасып, жағдайды өз бетінше ушықтырып телеарна шақырып, ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерге салған. Сондай-ақ, телеарна түсірілім жасап жатқанда, тұрғын үйді жалдап тұрушы Жандос Нарымбайдың анасы «қан қысымым көтерілді» деп, жедел жәрдем шақырған. Келген жедел жәрдем автокөлігіне отырып, жарты жолдан өз еркімен түсіп қалған. «Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Т. Мұсаев аталған мекен-жай бойынша тұратын пәтер жалдаушылармен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғын үйді бұзу жұмыстары арнайы техниканың көмегімен емес (бульдозер емес) жұмысшы адамдардың көмегімен қолма-қол бұзылған. Бүгінгі таңға Р.Сұлтан Бегім 12/1, 12/2 үйлер толығымен бұзылып, материалдары тұрғындардың сұранысы бойынша тиісті мекен жайға жеткізіліп берілді», – делінген әкімдік хабарламасында.


 https://www.inform.kz/kz/turkistanda-eski-uydi-buzu-okigasyna-katysty-akimdik-tusinikteme-berdi_a3493890

comments powered by HyperComments