Домой Новости Мал ұрлығымен айналысқан 29 қылмыстық топ ұсталды

Мал ұрлығымен айналысқан 29 қылмыстық топ ұсталды

Еліміздің аумағында жүргізілген жедел алдын алу шарасы барысында ұрланған 347 бас мал иелеріне қайтарылды. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның айтуынша, ішкі істер органдары республика аумағында мал ұрлығын ашу және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған екікүндік “Мал ұрлығы” шарасын өткізген. “Полиция қызметкерлері мал ұрлағаны үшін 29 қылмыстық топ, 179 адам ұсталып, бұған дейін орын алған 129, оның ішінде өткен жылдардағы 31 мал ұрлығы ашылды. 122 жылқы, 63 ірі қара мен 172 ұсақ мал иелеріне қайтарылды. Ұтқыр топтар 1500-ден астам  көлікті тексеріп, құжатсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 335 дерегін ашты. Мал мен ет өнімдерін өткізу және сату оргындарын тексеріп, ұрланған малды және етті сатқан 52 адамды анықтады”, – деді Н.Ораз. Мәселен, ресми өкіл дерегінше, Қарағанды мен Павлодар облыстарының полиция қызметкерлері 10 мал ұрлығына қатысы бар 3 адамнан тұратын топты ұстаған. Ал Түркістан облысында жыл басынан бері 3 рет мал ұрлығын жасаған ұрылар қолға түсті. “Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері 2018 жылдың шілдесінде “Ұшқырсор” жайлауынан 26 жылқы ұрлаған жергілікті тұрғынның қылмысын әшкереледі. Сатып алушы мен қылмыс куәгері анықталды. Мал ұрлығының алдын алу және ашу жұмысы жалғасатын болады”, – деді ол.


https://www.inform.kz/kz/mal-urlygymen-aynalyskan-29-kylmystyk-top-ustaldy_a3502400



comments powered by HyperComments