
Оралда жатақханадағы өрт кезінде 95 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Арайлым Ғанидың айтуынша, Х.Чурин көшесі 119-мекенжайында №89А бөлмедегі өрт жөнінде хабар 20 қараша күні сағат 19.40-та түскен. Оқиға орнына №2 өрт сөндіру бөлімінен 5 техникамен 12 адам шұғыл жеткен. Бес қабатты жатақхананың бесінші қабатындағы бөлмеде теледидар өртеніп, жарылған. Өрт сөндірушілердің жедел қимылы нәтижесінде 1 адам құтқарылды. Жатақханадан 95 адам шығарылса, соның 25-і – балалар. «Тілсіз жау» тез ауыздықталып, жалынның көрші бөлмеге таралуына жол берілген жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, өрт сөндірушілер сағат 19.56-да жедел жәрдем шақырған. Бригада 20.02-де жеткен. Жеңіл түрде газбен уланған 1952 жылғы ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді.
https://www.inform.kz/kz/oralda-zhatakhanada-ort-bolyp-95-adam-kauipsiz-zherge-shygaryldy_a3462895
comments powered by HyperComments