Домой Новости Мұхамедиұлы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кіру неліктен ақылы болғанын түсіндірді

Мұхамедиұлы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кіру неліктен ақылы болғанын түсіндірді

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздің кейбір музейлері мен кесенелеріне кіру неліктен ақылы болатынын түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мәжілісте министр “Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы” заң жобасын таныстырды. Талқылау барысында депутаттар тарихи-мәдени нысандарға кіру неліктен ақылы болатыны жайлы сұрады. “Тарихи-мәдени құндылығы бар сәулет ескерткіштері мемлекет экономикасына жақсы табыс әкеледі. Бұл заң жобасында тарихи-мәдени мұра нысандарынан түсетін қаражатты кімнің реттейтіні жайлы, ол уәкілетті органның құзыреті жайлы көрсеткілген тек бір пункт бар. Сонда қаражатты жалдап отырғандар ала ма әлде ол республикалық бюджетке түсе ме?”, – деп сұрақ қойды депутат Жәмиля Нұрманбетова. Министр өз кезегінде музей мен кесенелерге кіруді ақылы ету туралы шешім қабылданбастан бұрын, халықаралық тәжірибенің зерттелгенін айтып өтті. “2016 жылға дейін барлық сәулет ескерткіші, мысалы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баба – барлығы мемлекеттік мекеме ретінде саналды. Онда кіру тегін болды, ұйымдардың қандай да бір қызмет көрсету құқығы болмайтын. Бұл норманы халықаралық стандартқа сай жасап отырмыз. Қазіргі уақытта еліміздегі барлық музей, қорық қазыналық кәсіпорынға жатады. Олардың ақша табуға құқығы бар”, – деді ведомство басшысы. “Бұл мәселе осыған дейін бірнеше рет талқыланған болатын: неліктен ақылы еткеніміз жайлы. Шынымды айтайын, кіру тегін болған кезде Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан баба кесенелері мешітке айналып кетті. Кез келген адам кіріп, бес рет намазын оқып, демалып, тамақтанып кететін. Сондықтан біз онда кіруді ақылы еттік. Бұл кесенеге қанша адамның келіп-кетіп жатқанын бақылауға мүмкіндік береді”, – деді Мұхамедиұлы. Министрдің айтуынша, осы нормадан кейін музейлер мен қорықтар жеткілікті табыс таба алады.
Толығырақ: https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/muhamediulyi-koja-ahmet-yassaui-kesenesne-kru-nelkten-292408/

comments powered by HyperComments