Домой Новости Еліміздегі жас отбасылардың 15 пайызы бала сүйе алмайды

Еліміздегі жас отбасылардың 15 пайызы бала сүйе алмайды

Алматыда Австрия, Литва, Польша мен Ресейден келген мамандар бедеулік мəселені шешу үшін бас қоспақ. Адамның репродуктивтік денсаулығы жайындағы форум 2-қарашада Ғылыми урология орталығының академик Б.О.Жарбосыновты еске алуға орай ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жас отбасылардың 15 пайызы бала сүйе алмайды. Статистика бойынша, әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бала көтеруде қиындықтарды бастан өткереді. Күрделі демографиялық жағдайды реттеу – Қазақстанның заманауи мемлекеттік әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. «Қазақстан-2030» стратегиясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыттарының қатарына күшті демографиялық саясатты енгізу қажеттігін баса айтты. Еуропалық урологтар қауымдастығы деректеріне сай, Қазақстанда отбасылық жұптардың 25 пайызы ерлі-зайыптылық өмірдің бірінші жылында бала көтермейді. Олардың 15 пайызы бедеулікке қарсы емделсе, ал 5 пайызы баласыз қалады. Әрбір алтыншы жұп бала көтеруде қиындықтарға тап болады. «Бедеулікке жұптардың біреуінің немесе ерлі-зайыптылардың екеуінің де репродуктивтік қызметінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бұрын баласыздық мәселесіне әйелдердің бедеулігі  себеп деп есептеліп келсе, бүгінде мамандардың пікірінше, осындай жағдайлардың 45 пайызын еркектердің бедеулік факторы құрап отыр. Баласыз жүрген жұптардың тең жартысына жуығы ер адамдардың ұрықтылығының бұзылуынан сәби сүйе алмай отыр. Соңғы жылдары әлемде ер адамдардың репродуктивтік денсаулығы айтарлықтай нашарлап барады. Оған экологияның нашарлығы, қозғалыссыз ұзақ уақыт отыру, үнемі шаршағандық сезімі, кеш неке құру, ретсіз жыныстық қатынас, өз бетінше емделу ықпал етіп отыр. Ал, ерлердің бедеулігінің себептері көп. Олардың бірі эректильді дисфунцкия (белсіздік). Әйелдердің репродуктивтік денсаулығы алаңдаушылық тудырып отыр. Өкінішке орай, бүгінде бедеу әйелдер мен ер адамдардың саны шамамен бірдей. Не істеу керек? Дәрігерлерге қаралған жағдайда, олардың көмегі қаншалықты тиімді? Бұл мәселені шешу үшін кешенді әрекет, яғни, урологтар, андрологтар, репродуктологтар мен гинекологтар тәрізді мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Сондықтан, алыс жақын шетелден мамандарды шақырып, тəжірибе алмасып жатырмыз»,- деді «Академик Б.У. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ андрология бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Марат Мақажанов. Аталған форумда  ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулығын қорғау бойынша мамандар мен мамандықтардың пәнаралық симбиозына, сонымен бірге медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға жол ашылады.  Халықаралық мамандар ер адамдарға көмекші репродуктивтік технологияларды қолдану, ерлердің бедеулігіне зертханалық диагностика жүргізудің генетикалық аспектілері мен жаңашылдығы, урологияда дәрі-дәрмектік терапияға қол жеткізу, қуықасты безі аденомасын емдеу инновациясы,  заманауи шағын инвазиялық урология, пластикалық урология тақырыбындағы  тəжірибелерімен бөліспек.

 

comments powered by HyperComments