Домой Новости БҚО-да батып бара жатқан сәбиді құтқарған 6-сынып оқушысы ерлігімен көзге түсті (фото)

БҚО-да батып бара жатқан сәбиді құтқарған 6-сынып оқушысы ерлігімен көзге түсті (фото)

Батыс Қазақстан облысы Қазтал ауданындағы Қошанкөл ауылында 5 мамыр күні төтенше жағдай орын алған. 6-сынып оқушысы Нұрдәулет су қоймасына батып бара жатқан 3 жасар сәбиді судан шығарып алып, құтқарып қалыпты деп хабарлайды “Мой город” порталына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Батыс Қазақстанда үш жасар сәбиді 6 сынып оқушысы құтқарып қалды

Фото: “Мой город”

Қазтал ауданы әкім аппаратының басшысы Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, Нұрдәулет кішкентай баланы су қоймадан өздігінен шығарып алған.

“Нұрдәулеттің әкесі Асқар Аткешевтің “Нұрдәулет” деп аталатын шаруа қожалығы бар. Сол күні 2 ірі қара мал үйге жайылымнан келмей қалып, әкесі ұлына малдарды қарап келуді тапсырған. Малды іздеп жүріп, бала үй маңындағы суқоймадан баланың аяғын көріп қалады. Көп ойланбай, ол баланы судан шығарып алып, оған алғашқы көмек көрсеткен. Бала ол кезде ес-түзсіз күйде жатыпты”, – дейді Жандос Дүйсенғалиев.

Батыс Қазақстанда үш жасар сәбиді 6 сынып оқушысы құтқарып қалды

Фото: “Мой город”

Алғашқы көмек көрсетіп болған соң, ол тез арада үлкендерді шақырып келген.

“Көмек көрсетуді ол мектептегі түрлі плакаттардан көріп алғанмын, дейді”, – деп түсіндірді Дүйсенғалиев.

Кейіннен анықталғандай, үш жасар сәби Нұрдәулеттің көршісі екен. Сол күні оны ата-анасы ересек балалардың жанына ойнап келуге жіберген екен. Алайда олар одан айырылып қалған.

Ерлік жасаған Нұрдәулеттің мектептегі үлгерімі де жақсы. Ол белсенді түрде күреспен айналысып, атқа мінгенді ұнатады екен. Сонымен бірге ол қолы бос кездері әкесіне шаруаға көмектесіп те үлгереді.

Жандос Дүйсенғалиевтің сөзіне сенсек, жуырда аудан басшылығы оны арнайы мақтау қағазымен марапаттап, сый-сыяпат ұсынатын болады.

comments powered by HyperComments