Домой Новости Футзалдан Қазақстан құрамасы қарсыластарын ойсырата жеңіп кетті (фото)

Футзалдан Қазақстан құрамасы қарсыластарын ойсырата жеңіп кетті (фото)

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Люблянада (Словения) өтіп жатқан Еуропа чемпионатының жартылай финалына шықты. Отандастарымыз ширек финалда Сербия құрамасын 3:1 есебімен ұтты деп жазады Vesti.kz.

Футзалдан Қазақстан құрамасы қарсыластарын ойсырата жеңіп кетті (фото)

Бразилиялық маман Какау жаттықтыратын ұлттық құрама бірінші таймда қарсыластарын 1:0 есебімен ұтып шықты. Қорғана жүріп ойнаған Қазақстан құрамасы қарсыластарын сәт сайын қапы қалдыруға тырысты. Сербтер шабуылда ширақ болғанмен, қазақстандық ойыншылардың жүйелі ойыны жанкүйерлер көңілінен шықты.

7 минутта Дугластың тепкен добын қақпашы Акцентович қайтарып үлгерген. Қайта тепкен Серік Жаманқұловтың добы қақпа торында тулады. Одан кейінгі аралықта командалар қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білген. Бірінде қақпа маңдайшасына, бірінде қақпа бағанынан қайтып жатты.

Футзалдан Қазақстан құрамасы қарсыластарын ойсырата жеңіп кетті (фото)

Екінші таймда сербтер таразы басын теңестіруге ұмтылды. Шабуылда ширақ ойнап, Игита қорғаған қақпада доп тулатуға асықты. 23 минутта Тайнан Қазақстан құрамасының ойындағы екінші голын соқты.

Әйтсе де, ойынның аяқталуына 5 минуттай уақыт қалғанда Сербия құрамасы ойын жүйесін өзгертті.Қақпашының орнына ойыншы шығарып, Қазақстан құрамасының ойыншыларын қыспаққа алуға тырысты. Осындай шабуылдардың бірінде бір гол соғып, есепті қысқартты.

Ойынның соңғы минуттары аса тартысты өтті. Сербия құрамасы таразы басын теңестіру үшін тайлы-тұяғымен шабуылға шықты. Бұл тұста Қазақстан құрамасының қорғанысы мен қақпашы Игитаның шеберлігі айрықша байқалды. Соңғы секундтарда Дуглас қарсыластар қателігін оңтайлы пайдаланып, есепті 3:1-ге жеткізді.

comments powered by HyperComments