Домой Новости Ешбір дәлел жоқ: Бишімбаев 2 млн доллар пара алғанын жоққа шығарды

Ешбір дәлел жоқ: Бишімбаев 2 млн доллар пара алғанын жоққа шығарды

Бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот отырысында өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын және пара алғанын жоққа шығарды деп хабарлайды Астана

Атышулы істі қарау жалғасып жатыр. Қазір жарыссөз кезеңі өтуде. Экс-министр Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына қатысты эпизод бойынша 2 миллион доллар пара алды деген айыптауға қатысты өзін ақтайтын деректер келтірді.

“Пара алды” дегенге ешбір дәлел жоқ. Бұл айыптаудың дәл маған қарсы жасалғанын баса айтқым келеді. Айыптаулар Исабектің, Айталиевтің, Бекжановтың куәлігіне негізделген. Тергеу барысында менен де, жұбайымнан да, тіпті айналамдағы өзге адамдардан да мұнша ақша табылмады”, – дейді айыпталушы Қуандық Бишімбаев.
Күні кеше прокурорлар Бишімбаевқа 12 жыл жаза сұраған еді. Бұған қатысты пікір білдірген ол мемлекеттік айыптаушылардың мәлімдемесінен соң абдырап қалғанын айтады.

“Мұнымен еш келіспеймін. Ұстанымым белгілі, жасамаған қылмысты жасадым деп айта алмаймын. Сот барысында келтірілген айғақтар қылмысқа менің қатысымның бар екеніне дәлел бола алмайды”, – деді Бишімбаев.
Сондай-ақ өзге сотталушылардың қылмысын мойындауына қатысты жайтты де айтып өтті.

“Кінәні мойындаған жақсы. Алайда, бұл өзге біреуге жала жабуға жол беру керек деген сөз емес”, – деді ол.
Айта кетейік, экс-шенді мен тағы 22 фигурантқа қатысты іс төрт айдан бері сотта қаралып жатыр. Бишімбаевқа “Пара алу”, “Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену немесе талан-таражға салу” баптарымен айып тағылған.

Назар аударыңыз! NUR.KZ сайтында пікір қалдыру ережесі өзгертілді. Өз пікіріңізді білдіру үшін тіркеліңіз. Оны қалай жасау керектігін мына жерден көре аласыз.

comments powered by HyperComments