Домой Новости Бриллиант сырға жүзігімен: Қызылордалықтар құдаларына қымбат сый жасап жарысуда

Бриллиант сырға жүзігімен: Қызылордалықтар құдаларына қымбат сый жасап жарысуда

Соңғы уақытта Қызылорда облысында құдалар бір-біріне “құда сыйын” барынша асырып беруге тырысатын болған. Бұл туралы сыр өңірінің тумасы, көп балалы Айсана ана айтып берді деп жазады NUR.KZ.

Көрнекі фото желіден алынды

“Менің үш ұлым мен бір қызым бар. Ұлдарым ертерек үйленіп кетті. Қызымды жақында ғана тұрмысқа бердім. Бұрындары құдалар бір-біріне “кит” беруші еді. Оған орамал, бас киім немесе костюмдер алып баратынбыз.

Ал енді қызымды ұзатқан жер ауқатты отбасы екен. Қалыңмалды да жақсылап алып келді. “Киттің” орнына барлығына алтын тақты”, – дейді Айсана апа.

Құдаларының алып келгенін жақсылап қайтару үшін Айсана ана несие алып, барынша жақсы сый жасауға тырысыпты. Айтуынша, құдағиына бриллиант сырғаны жүзігімен, ал құдасына алтын сағат тарту еткен. Жалпы барлық сыйды алу үшін миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған.

Қызылордада құдалар бір-біріне сыйлық алуға жағдайлары келмеген кезде, оны бермейтін кездер де болады екен. Бірақ ондай өте сирек кездесетін көрінеді.

“Екі жыл бұрын бір туысымыз келін алды. Олар құдағимен сый жасамаймыз деп келіскен еді. Бірақ той үстінде қыз жақтан келгендер алтын тағып, біз ұялғаннан жерге кіре жаздадық.

Осыдан кейін келісімді бұзғаны үшін арада біраз келіспеушіліктер болды. Құдағи біздің туысымызды сый жасамағаны үшін ұялта беретін. Әрине, кесірі жастарға тиіп, олар да бір-бірімен жиі ұрысатын болды. Абырой болғанда аяғы жаман болмады”, – дейді ана.

Көпбалалы Айсана ананың айтуынша, халықтың бәрі дүниесі асып-тасығаннан құдасына сый жасамайды екен. Бар болғаны баласын шеттетіп, оған тиіспесе екен деп ойлайды.

“Уақы өте бұл салт жойылатын шығар деп сенемін. Соңғы кездері жемістер мен тәттілерді себетке салып беретін болған. Бұл қандай дәстүр? Ең бастысы балалардың бақыты емес пе?! Келешек ұрпақ керексіз жөн-жоралғыларды тоқтататын шығар деп сенемін”, – деп сөзін аяқтады Айсана ана.

comments powered by HyperComments