Домой Новости Ақтөбеде тәрбиешілерге 70 миллионға жуық жалақысын бермей отыр

Ақтөбеде тәрбиешілерге 70 миллионға жуық жалақысын бермей отыр

Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері төрт айдан бері 70 миллион теңгеге жуық жалақыларын ала алмай жүр. Ал шенеуніктер олардың еңбекақысын беруге асығар емес. Олардың құр уәдесіне тойған тәрбиешілер білім бөлімін басып алды деп хабарлайды КТК телеарнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Көрнекі фото желіден алынды

Көрнекі фото желіден алынды

Осыған дейін 50 мың теңгелік айлыққа шүкіршілік етіп келген ақтөбелік балабақша тәрбиешілері апта соңында ашуға мінген. Өйткені, жаңа жылды жалақысыз қарсы алғанымен қоймай, төрт айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр.

“Бұл жерге еріккеннен келген жоқпыз. Біз төрт айдан бері жалақы алған жоқпыз. Үйде балаларымыз бар. Мен көп балалы анамын. Жеті балам бар. Жолдасыма жақында операция жасалды. Оған өте жақсы күтім керек жүрегіне. Ал біз әлі күтіп жүрміз ақшаны мысалы. Біздерге береміз, береміз деп алдайды” деп ашынады Гүлжаһар есімді тәрбиеші.

Ал білім бөлімінің басшылығы өз кезегінде тәрбиешілерге құр уәде беруден әрі аспады.

“Қаражат толық бөлінбегеннің кесерінен біздерде кредиторлық берешек пайда болды. Қазіргі таңда ол жылдың аяғына 70 миллион теңге құрады. Қазіргі таңда және алдағы дүйсенбі күні қаражат түседі деген ойдамын”, – дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Рустам Әлжанов.

Әкімдіктегілер әзірге тәрбиешілердің жаңа жылға дейінгі жалақыларын төлемекші. Жетпіс миллион қарыз сол уақытқа дейінгі есеп екен. Ал олардың қаңтардағы айлықтарын қашан алатыны белгісіз.

comments powered by HyperComments