Домой Новости Жарты Алматы жанып кете жаздады: Қаладағы жойқын өрттің шындығы ашылды (фото)

Жарты Алматы жанып кете жаздады: Қаладағы жойқын өрттің шындығы ашылды (фото)

Қазақ жеріндегі ең үлкен алапат өрт 1989 жылы 20 мамыр күні Алматыда орын алған еді. Тілсіз жаудың үлкендігі сонша ол тарихи оқиға ретінде күнтізбеде жазылғанымен көпшілігі осы апаттан қанша адам қаза тауып, зардап шеккенін әлі күнге толық біле бермейді. Сол кезде газет-журнал беттерінде тоғыз өрт сөндіруші мерт болып, 20 шақты бейбіт тұрғын зардап шеккені ғана жазылған. Алайда, арада 29 жыл өткен соң шындықтың шеті ашыла бастады. NUR.KZ порталы 1000 градустық отта денесінің 60 пайызы күйіп, өлім аузынан аман қалған куәгер, әрі ардагер өрт сөндіруші Леонид Михаиловичпен эксклюзивті сұхбат жазып, оқиғаның қалай болғанын біліп көрген еді.

Алматыдағы жойқын өрттің 29 жылдан кейінгі шындығы. Фото: Петр Карандашов.

Алматыдағы жойқын өрттің 29 жылдан кейінгі шындығы. Фото: Петр Карандашов.

Өрттің қатты болғаны сонша жалын өкпе-ішегіне өтіп, күйдіріп кеткен

«20 мамыр күні мен №5 өрт сөндіру бөлімінде кезешілікте болған едім. Спортпен шұғылданып жатып, Алматы-2 вокзал маңынан қара түтінді көзім шалды. Операторлардан сұрасам шақырту қоңырауы түспепті. Не болса да жақсылық емес деп, дабыл көтеріп түтінге қарай жолға шықты. Жол жөнекей Иршат Сапарғалиев «мен де барамын» деп көлікті тоқтатып мініп алды. Негізі марқұмның міндеті өртке бару емес, ішкі күзетте қалу еді. Біз оқиға орнына келсек екі тепловоз соқтығысып, бөшке тесіліп тығыздалған газ будақтап жатыр екен.

Ардагер Леонид Онучин қайғылы оқиғаны есіне алмауға тырысқанымен, "өткен күн көз алдымнан кетпейді" дейді.

Ардагер Леонид Онучин қайғылы оқиғаны есіне алмауға тырысқанымен, “өткен күн көз алдымнан кетпейді” дейді.

Тепловоздың шетінен шыққан қызыл жалын газ балонына қарай бет алуда. Барлығымыз осы отты тездетіп сөндіруге атсалысқанымызбенен сұйық отынның екпіні күш бермеді. Сол кезде бөлім командирі болған Еркін Ысқақов «Қазір цистерна жарылады, қашыңдар!» деп айқайлады. Расымен де бір минут өтпей жатып газ құйылған бөшке ісініп кетті. Біз бұл кезде 15-20 метр жерде өртпен алысып жатыр едік. Көзді ашып жұмғанша жарылыс болды. Дәл саңырау құлақтың бейнесіндей, аспанды жауып кетті. Бәрі жанып жатты, шыңғырған адам. Бір білетінім денеміздегі отқа оранған киімдерді шешкен кезде, күйген тері жабысып түсіп жатты. Қызыл жалын дем арқылы ішіме кіріп өкпемді өртеп жіберген»,- деп күрсінді Леонид Онучин.

Леонид Онучин өрт салдарынан мүгедек болып, аяғындағы дертпен 36 жыл бойы алысып келеді.

Леонид Онучин өрт салдарынан мүгедек болып, аяғындағы дертпен 36 жыл бойы алысып келеді.

Зардап шегушілердің көптігі сонша өртенген азаматтарды №4 ауруханаға таксистер, полицейлер қызметтік көлікпен өздері тасыған. Ал жарылыстың үлкендігінен жақын маңдағы 16 тұрғын үйдің күл-талқаны шығып, ішінде отырған адамдар да жанып кеткен. Өрттің екпіні күшейіп, жақын маңдағы құрылысқа қажетті оттек (кислород) балондары сақталған қоймаға жеткен.

1989 жылы Алматы-2 вокзалындағы өрттен кейінгі сәт. Фото: Мұрағат.

1989 жылы Алматы-2 вокзалындағы өрттен кейінгі сәт. Фото: Мұрағат.

«Жігіттердің көз алдында әріптесі, досы жарақаттанып, тіпті өліп те жатқан. Өрт сөндірушілер осы жерде өте шапшаңдық танытып, жарты күн бойы алысып жатып қоймаға жақындаған өрттің бетін қайтарды. Егер оттегі қоймасы жарылар болса, жарты Алматы көкке ұшар еді.

Өрт кезінде қайтыс болып, зардап шеккендердің киімдері. Фото: Мұрағат.

Өрт кезінде қайтыс болып, зардап шеккендердің киімдері. Фото: Мұрағат.

Көз алдымда алты әріптесімнің бақилық болды. Қатты есеңгіреп қалғаным сонша, денемнің 60 пайызының жанып кеткенін және оның ауырғанын сезбедім», деп есіне алады қария.

Өрт сөндірушілердің костюмдері 700 градустық ыстыққа дейін шыдамды екен. 20 мамырдағы апат кезінде оттың жалыны 1000 градусқа, ал көлемі бес шақырымға жеткен. Алматы ауруханасы күйгендерге толып, төтенше жағдай жарияланған. Мұрағаттағы сандарға сүйенсек 99 науқас күйікке шалдыққан. Оның – 39 бала, 60 бейбіт тұрғынның жағдайы өте ауыр болған.

Алматыдағы жойқын өрттің куәгері - Леонид Онучин сұхбат барысында. Фото: Петр Карандашов.

Алматыдағы жойқын өрттің куәгері – Леонид Онучин сұхбат барысында. Фото: Петр Карандашов.

«№4 ауруханада үш ай жаттым. Мені емдеп жүрген дәрігер «жүрегің мықты болғандықтан тірі қалдың. Сен клиникалық өлімді бастан өткеріп, о дүниеден оралдың» деді. Кейін сол дәрігерден қайтыс болғандардың саны 60-қа жеткенін естідім. Бірақ, барлық жерде тек тоғыз өрт сөндірушімен екі бейбіт тұрғын ғана көз жұмды деп қана айтылды. Шыны керек, қанша адамның күйіп, қанша адамның опат болғаны жайлы әлі күнге нақты ақпарат жоқ. Бәлкім Кеңес дәуірі болғандықтан ешкім ахиқатты талап етуге батылы бармаған шығар» деп түсіндірді ардагер.

Жойқын өттен көз жұмған өрт сөндірушілер: Ислам Әбдіраманов, Құралхан Ақынов, Сейіл Әлімтаев, Еркін Ысқақов, Расул Қасымов, Владимир Никуленко, Михаил Маликов, Иршат Сапарғалиев, Фрид Шарипов.

Жойқын өттен көз жұмған өрт сөндірушілер: Ислам Әбдіраманов, Құралхан Ақынов, Сейіл Әлімтаев, Еркін Ысқақов, Расул Қасымов, Владимир Никуленко, Михаил Маликов, Иршат Сапарғалиев, Фрид Шарипов.

“Қызыл жұлдыз” ордені қайтыс болған 9 өрт сөндірушінің туыстарына табысталды.

Қызмет бабында болған тоғыз өрт сөндіруші осы оқиғадан көз жұмса, қатардағы төрт жауынгер ауыр жарақатпен өмір бойына мүгедек болып қалған. Осы өртті сөндіруде ерлік танытқан 20 қызметкерге жоғарғы марапат табысталыпты.

Ардагердің КСРО басшысынан алған ордені. Фото: Петр Карандашов.

Ардагердің КСРО басшысынан алған ордені. Фото: Петр Карандашов.

«Ауруханада есімді енді жиған кезде бір топ азамат келіп, «басшылықтанбыз, сізге не керек?» деп сұрады. Мен өліммен арпалысып жатып, «маған дүние керек деп айтпадым. Тек, тез сауықсам екен» деген тілегім болды. Артынша КСРО-ның соңғы басшысы Горбачевтен «Ерлігі үшін» орденімен марапат алдым».

Өмір бойына мүгедек болып қалса да ол - өрт сөндіруші болғанына өкінбейді. Фото: Петр Карандашов.

Өмір бойына мүгедек болып қалса да ол – өрт сөндіруші болғанына өкінбейді. Фото: Петр Карандашов.

Қызыл жалынға денелерінің 60-70 пайызы күйіп, аман қалған өрт сөндірушілер беттері бері қарағанда қызметтеріне қайта оралған. Ал қаза болған жауынгерлердің ұл-қыздары болса әке жолын қуып әлі күнге құтқару қызметінде жұмыс жасайды. Соның бірі – сержант Еркін Ысқақовтың ұлы Айдын Ысқақов.

Қаза болған сержант Еркін Ысқақовтың ұлы Айдын Ысқақов та қазір өрт сөндіруші. Фото: Петр Карандашов.

Қаза болған сержант Еркін Ысқақовтың ұлы Айдын Ысқақов та қазір өрт сөндіруші. Фото: Петр Карандашов.

«Әкемнен үш жасымда айрылып қалдым. Кішкене кезімнен «өскенде өрт сөндіруші боламын» деп өзіме мақсат қойдым. Көпшілік әкең осындай жағдайда көз жұмды, сен басқа жолды таңда деді. Бірақ мен әкемнің ізін жалғастырғаныма өкінбеймін. Төтенше жағдайлар бөлімінде жүріп өмірлік жарымды жолықтырдым. Қазір әйелім де менімен бірге қызмет жасайды. Бұйырса балаларым да өрт сөндіруші болады деп ойлаймын» ,-дейді Айдын Еркінұлы.

Айдын Ысқақов №7 ӨСБ қызметкері. Фото: Петр Карандашов.

Айдын Ысқақов №7 ӨСБ қызметкері. Фото: Петр Карандашов.

20 мамыр – көпшілігіміз үшін жай датаның бір болғанымен өрт сөндірушілер үшін ерекше. Бұл күні олар қаза тапқан әріптестерін еске алып, жас сарбаздардан ант қабылдайды. Барлығы жиылып марқұмдарға арнап қонақасы беріп, құран бағыштауды дәстүрге айналдырған.

Қызмет бабында көз жұмған өрт сөндірушілердің отбасылары. Фото: Қайрат Думанұлы.

Қызмет бабында көз жұмған өрт сөндірушілердің отбасылары. Фото: Қайрат Думанұлы.

Материал Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Эксклюзивті материалды көшіріп басуға редакция тарапынан қатаң тыйым салынады!

comments powered by HyperComments