Домой Новости Танымал журналист “малай” ертіп жүретін жас әншілерді сынап тастады

Танымал журналист “малай” ертіп жүретін жас әншілерді сынап тастады

Елімізге танымал журналист Жанар Оразымбет “жұлдыз” ауруына шалдығып, қос-қостан көмекші ұстайтын жас әншілерді сынап тастады. Радиожүргізуші атағы жер жарып тұрған Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегеновалардың өзі жандарына көмекші ұстамағанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Жанар Оразымбет. Фото: Facebook

Жанар Оразымбет. Фото: Facebook

«Өз басым КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова апаймен де, Роза Рымбаевамен де, Нұржамал Үсенбаевамен де талай мәрте өздерінің жеке қалта телефондарына хабарласып – ақ сөйлескем. Тіптен кезінде ұялы телефон деген болмаған кезде де небір мықтылармен үй, жұмыс телефондарына хабарласып-ақ мәселені шешіп, эфирге келісетінбіз.

Мәселен, Роза Бағланова апайдың ұялы телефоны болып па еді? Есімде жоқ. Асанәлі ағаларымызбен де алдымен телефонмен келісіп алып, кел деген жеріне жетіп баратынбыз. Бүгінгілердің бәрі шетінен жұлдыз! Атағы шыққаны да, шықпағаны да.

Бағана жұмыстағы жас журналистер айтып отырса, жының келеді енді. Телефондарына звондаса алмайды екен. Алмағанда көмекшісіне не болмаса қасында еріп жүретін көп жандайшаптарының біріне хабарласып, солар арқылы “шығуың” керек екен! Эфирге келгенде де біз білетін аға-апаларымыз сияқты бір өзі сопайып жетіп келе салмайды! Қасына толып жатқан нөкерлерін ертіп келеді! (Ал оларға «пропуск» дайындалмай қалса, өздерінше болатыны тағы бар) Флешкіден немесе мини-дискіден үш-төрт әнді тауып бере салу, жанына адам ертіп жүретіндей, қиын жұмыс па сонша? Әлде бұл мақтаныш па?»,-деп күйінді журналист.

Журналист әншілердің жанында жүрген АРТ директорлары мен менеджерлерін малайға теңеді.

«Бағана бір жұлдызшаның көмекшісі эфирдің арасында берілетін әндерін реттеп зыр-жүгіріп жүрген жүргізушіге “Гәккубекке ыстық шай дайындап бересіз бе?” дегенін естіп, мүлдем жыным келді! Ол да сыпайылық сақтап, дайындап әкеліп беріпті. Мен болсам, “Әкем, мен саған хатшы емеспін! Сен не үшін жүрсің бұның қасында?! Керек болса, термоспен шай-кофесін көтеріп жүрмейсің бе?!” дер едім.

Әншіні былай қойып, көмекшілерінің өзі кісі десейші! Бұның бәрі жас әншілер мен әншісымақтарға қатысты. Кәдімгі әншілер (біз білетін, біз тыңдайтын), сіздерге қатысы жоқ! Сосын, айтпақшы, әлгі жандайшаптарының, флешкісінен бастап, шабадан, анау-мынау асай-мүсейлерін көтеріп жүретін толып жатқан нөкерлерінің де толып жатқан аттары бар ғой. АРТ директор, менеджер бірдеме деген сияқты. Қазақ оны бір-ақ сөзбен малай дей салар еді. Міне, солай! Өттерің жарылса, жарылып кетсін!», – деп жазды Жанар Оразымбет.

comments powered by HyperComments