Домой Новости Шымкентте сегіз жасар бала бетон астында қалып кетті

Шымкентте сегіз жасар бала бетон астында қалып кетті

Шымкентте ойнап жүріп, дуалға шықпақшы болған сегіз жасар баланы бетон қоршау басып қалды. Абырой болғанда оған көршілері тез арада көмектесіп, ауруханаға жеткізген деп хабарлайды otyrar.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Вячеславтың үстіне түскен бетон қоршау. Фото: otyrar.kz

Вячеслав сабағынан келген соң тамағын ішіп, ойнауға шыққан. Жалғыз өзі үйдің жанындағы бетон дуалға шықпақшы болған кезінде ол үстіне құлап түседі. Баланың жан айқайын естіген көршілері дереу жедел жәрдем шақыртып, баланы ауруханаға жеткізген.

“Балам бір өлімнен аман қалды. Үйдің ауласында ойнап жүріп, үстіне бетон құлап кеткен. Жан сақтау бөлімінде қиналып жатты. Кейін ота жасады, баламның денсаулығы үшін алаңдаймын. Бұл жерде жалғыз менің балам ғана емес, жүздеген үйдің балалары ойнайды. Мұндай бетон құлай берсе, не болмақ? Мұндай сапасыз қоршау тұрғызғандар жазасын алсын деймін. Полиция бөліміне арыз жаздым”, – дейді баланың әкесі Андрей Вислогузов.

Дәрігерлер балаға екі сағат ота жасаған. Баланың бауыры, өкпесі яғни, барлық ішкі құрылысы ауыр салмақтан езіліп, аяғының сүйегі майдаланып кеткен. Хирургтар оның аяғына ота жасап, гипс салды. Бетонның астына қалып кеткен баланың жағдайын дәрігерлер жақсарды деп отыр. Бірақ, ұзақ уақыт ем-дом қажет.

Құлағалы тұрған бетон қоршаудың сол жағында медресе, ал оң жағында трансформатор бар. Екі мекеменің де өкілі апатты жағдайдағы қоршау оларға тиесілі емес екендігін айтуда.

Вячеславтың жақындары полицияға арызданып үлгерді. Ал қоршаудың иесін Әл-Фараби аудандық әкімдігінің мамандары анықтап жатыр.

comments powered by HyperComments