Домой Новости Бұрымы бойынан ұзын бойжеткен: Жігіттердің барлығы маған қарайды (фото)

Бұрымы бойынан ұзын бойжеткен: Жігіттердің барлығы маған қарайды (фото)

«Қыздың көркі – шаш» деген халқымыздың дана сөзі болғанымен, қазіргі уақытта бұрымды бойжеткендерді саусақпен санауға болады. Заманға сай қыздар шашын үнемі қырқып, бояп тұрады. Көшеде бұрымы беліне түскен аруды көрсек, бұрылып тұрып, таңдана қарайтынымыз да содан. NUR.KZ порталы еліміздегі шашы ең ұзын бойжеткен, қазіргі заманның “Қыз Жібегін” назарларыңызға ұсынады.

Бұрымы бойынан ұзын бойжеткен - Лаура Тұрсынханқызымен анасы Гүлмира Төлеуханқызы.

Бұрымы бойынан ұзын бойжеткен – Лаура Тұрсынханқызымен анасы Гүлмира Төлеуханқызы.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тұрғыны Лаура Айыпова еліміздегі ең шашы ұзын қыз болғанымен көпшілік оны біле бермейді. Себебі, бойжеткен бұрымын көпшілікке паш етіп, мақтанғанды жаным сүймейді дейді.

Лаураның шашының ұзындығы -160 см. Фото: NUR.KZ.

Лаураның шашының ұзындығы -160 см. Фото: NUR.KZ.

«Шашымды 10 жасымнан бастап өсіріп келемін. Оған дейін құлағымның түбінен кесіп, қысқартып жүретін едім. Алғаш рет «Қыз Жібек» киносында Жібектің шашын жайып өзенге қарай жүгірген сәтін көріп, менікі де осындай болса деп армандаған едім. Арманым орындалды. Бойым – 155 см болса, шашымның ұзындығы -160 см» ,- деп күледі Лаура Тұрсынханқызы.

Лаураның анасы Гүлмира Төлеуханқызының да шашы тобығына түскен. Фото: NUR.KZ.

Лаураның анасы Гүлмира Төлеуханқызының да шашы тобығына түскен. Фото: NUR.KZ.

Бойжеткеннің анасы Гүлмира Төлеуханқызының да шашы тобығына жеткен, өте ұзын. Шаш өсіру бұл отбасыда нағашы жұрттан келе жатқан дәстүр екен.

«Нағашы әжемнің 12 баласы болса да тірсегіне түскен шашына шаң түсірмей, баптап өсірген екен. Кейін қыздары, яғни менің анам да дәл солай шашын күтетін. Дәлірек айтсам, бұрымымызды майластырмай, аптасына екі немесе үш рет жуамыз және сабын қалмас үшін жылы сумен көп шаямыз. Кір шаш – сынғыш, түскіш болады. Химиялық қоспасы бар бояу немесе маска да жақпаймыз. Оның пайдасынан гөрі зияны көп» ,- дейді ең ұзын шаш иесі.

Лаура көшеде шашын жайып жүрмейді. Бойжеткен көбінесе өріп немесе түйіп қояды екен. Фото: NUR.KZ.

Лаура көшеде шашын жайып жүрмейді. Бойжеткен көбінесе өріп немесе түйіп қояды екен. Фото: NUR.KZ.

Лаураның айтуынша, жерге төгілген қара шаш тек көрік қана емес, ерекше күш те береді екен.

«Шашымның киесі бар десем көпшілік сене бермейді. Бірақ, мен оны сеземін. Бұрым қылып өріп, көшеге шықсам ренжіп отырған адамның өзі жадырап кетеді. Дүкенге кірсем саудагерлер мені жібермей әңгімеге тартып, сөйлескісі келгенін байқаймын. Ер азамат атаулының барлығы дерлік бұрылып қарап, көзімен шығарып салады. Тіпті, төрт-бес жастағы ұлдар келіп «қандай әдемі» деп шашымды сипап, айналшықтап жүреді. Бұл бұрым тек маған ғана емес, айналамдағы адамдарға да қуаныш сыйлайды екен. Қанша жерден сұлу қыздар тұрса да жігіттердің көзі ең бірінші менің бұрымыма түседі. Сондықтан да сіңілдеріме айтарым, беттеріңді жасанды сұлулық пен әрлегенше шаш өсіріңдер. Қыздың көркі – шаш» ,- дейді Лаура Айыпова.

Бұрымды арулар. Фото: NUR.KZ.

Бұрымды арулар. Фото: NUR.KZ.

Құрылыс саласында қызмет жасайтын бойжеткен бос уақытында терме айтып, домбырада ойнағанды жақсы көреді. Шашына қайшы тигізбейтін арудың арманы – қазақ киносына түсу. Тіпті, осы мақсатына жетуіне бұрымы себепкер болатына ол сенеді.

Ұзын шаш - қыздарды сұлу, жас, нәзік етіп көрсетеді. Фото: NUR.KZ.

Ұзын шаш – қыздарды сұлу, жас, нәзік етіп көрсетеді. Фото: NUR.KZ.

«Кейде адамдар сұрайды неге шашың тым ұзын, қимайсың ба? Күтімге көп қаражат, уақыт кете ме?» деп. Шашымның сапасын жоғалтпас үшін 2-3 жылда бір рет ұшын қиып тұрамын. Тарап, өру үшін күнделікті 20 минут уақыт бөлемін. Шашымның рахатын көрмесем, зияны жоқ» ,- дейді ол.

Материал Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Эксклюзивті материалды көшіріп басуға редакция тарапынан қатаң тыйым салынады!

comments powered by HyperComments