Домой Новости Тәуекел Мүсілім қырғыз моделімен ара қатынасы туралы шындықты айтты (фото)

Тәуекел Мүсілім қырғыз моделімен ара қатынасы туралы шындықты айтты (фото)

Танымал актер әрі көптеген телевизиялық жобалардың жүргізушісі Тәуекел Мүсілім NUR.KZ порталының журналисіне берген эксклюзивті сұхбатында қырғыз моделімен ара қатынасы, ел ағаларының жұрттан жасырған тоқалдары және әкесі туралы ашық айтты.

Тәуекел Мүсілім қырғыз моделімен ара қатынасы туралы шындықты айтты (фото)ТӘУЕКЕЛ МҮСІЛІМ

Өзін актер ретінде барлық образдарда көргісі келетінін айтып, сөз бастаған ол осы уақытқа дейін ойнаған рөлдерінің ішінде «В поисках мамы» фильміндегі рөлінің өзіне қатты ұнағанын атап өтті.

«Жалпы әлде де өзімді түрлі жанрларда байқап, жағымсыз кейіпкерлерді сомдап көргім келеді», – деп сөзін жалғастырды актер.

– Өзіңізге актер, әнші, жүргізуші ретінде көңіліңіз тола ма? Қай салада үздікпін деп ойлайсыз?

– Ешқайсысына да көңілім толмайды. Себебі өнер адамының “көңілім толды” дегені жарамайды, ол кері әсерін тигізуі мүмкін. Мен әлі де жан-жақты жұмыс жасап, өзімді дамытуға барынша күш салып жатырмын. Сондықтан өзімді үздіктердің қатарынан көрмеймін.

Тәуекел Мүсілім қырғыз моделімен ара қатынасы туралы шындықты айтты (фото)ТӘУЕКЕЛ МҮСІЛІМ “В ПОИСКАХ МАМЫ” ФИЛЬМІНІҢ ТҮСІРІЛІМІНДЕ. ФОТО: INSTAGRAM

– Сіздің тойға асаба ретінде шығып жүргеніңіз қаншалықты рас?

– Мен тойға емес, кездесулер мен конференцияларға шығамын. Тойға шығуға өзімді әлі дайын емеспін деп ойлаймын, тіл байлығым оған әлі жетпейді. Оның үстіне тойға шығатын арнайы асабалар баршылық, мен олардың нанына таласқым келмейді. Болашақта өзімді асаба ретінде көрмеймін.

– Келешекте саясат немесе бизнес саласына бару ойыңызда бар ма?

– Саясатқа бара аламын деп айта алмаймын, бірақ жеке кәсібімді ашу ойымда бар. Себебі, өнер қартайғанша негізгі табыс көзі болып тұра алмайды. Сондықтан қосымша жеке кәсібіңнің болғаны дұрыс деп ойлаймын.

– Келесі жылы 30-ға толады екенсіз. Орда бұзар жасқа келгенше бойдақ жүруіңіздің себебі неде? Тәуекел Мүсілім іздеген ару қандай?

– Үйлену үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мен әлі күнге дейін кітаптарда жазылғандай бір аруды көріп шын ғашық болып көрмедім. Тіпті дәл қазір осындай қыз керек деп нақты айта алмаймын. Себебі қандай адамға көңілім түсіп, ғашық боларым бір Алланың қолында. Үйлену де солай. Әрине, бұрын берген сұхбаттарымда бойы ұзын, шашы ұзын деп айтқан болармын, бірақ олардың барлығы менің қате айтқан сөздерім.

– Болашақта жарыңызды кей әріптестеріңіз секілді жасырын ұстайсыз ба әлде халық алдында жүруге рұқсат бересіз бе?

Тәуекел Мүсілім қырғыз моделімен ара қатынасы туралы шындықты айтты (фото)ТӘУЕКЕЛ МҮСІЛІМ. ФОТО: INSTAGRAM

– Жарымды жасырын ұстамаймын, әрине. Дегенмен оның шоу бизнеске қатысы болғанын қаламаймын. Әйел адамның үйде, ошақтың басында менің керек жарақтарымды дайындап, анамның қасында болғанын қалаймын. Бәлкім, баратын жерлердің барлығына қасыма ертіп, бірге алып жүретін шығармын, алайда халық алдына шықпайды деген ойдамын.

– Соңғы берген сұхбаттарыңыздың бірінде тоқал алуға оң көзқараста екеніңізді білдіріпсіз. Үйленген соң тоқал алу ойыңызда бар ма?

– Ия, оң пікір білдіргенім рас. Бірақ ол менің «тоқал алған дұрыс, барлығың тоқал алыңдар» деген сөзім емес. Тоқал алу қазақта ежелден болған нәрсе, дін жағынан алып қарасақ та дұрыс нәрсе. Мен оны жаңадан әкеліп енгізіп отырған жоқпын, бұл біздің тарихымызда болған нәрсе.

Жасыратыны жоқ, қазір кейбір қызметтегі ағаларымыздың тоқалдары бар, олардың кейбірі ғана ресми түрде. Менің ойымша, тоқал алуға тура келетін жағдайлар болады, мәселен бірінші әйеліңнен бала болмаған жағдайда деген сияқты немесе бірінші әйеліңнің рұқсатымен алуға болады.

Дегенмен, мен өзімнің сүйіп қосылған жарым маған ұнап тұрса, оны шын сүйіп тұрсам, маған тоқалдың не қажеті бар? Сондықтан да үйленудің алдында асықпаған дұрыс. Кейін отбасың үшін, балаларынның тағдыры үшін асығыс шешім қабылдамау керек деп ойлаймын.

– Сіздің қырғыз моделімен ара-қатынасыңыз туралы әлі күнге дейін түрлі әңгімелер айтылады. Араларыңызда байланыс болғаны рас па?

– Қырғыз моделі туралы әңгіме осыдан бес жыл бұрын басталған болатын. Біздің арамыздағы ара-қатынас деп айтатындай ешнәрсе де жоқ, жәй ғана доспыз. Әлі күнге дейін араласып тұрамыз. 

Тәуекел Мүсілім қырғыз моделімен ара қатынасы туралы шындықты айтты (фото)ТӘУЕКЕЛ МҮСІЛІМ. ФОТО: INSTAGRAM

– Өзге ұлттың қызына үйленуге көзқарасыңыз қалай?

– Мен өзім қаласам да, анам рұқсат бермейді. Өзге ұлттың қызын алғанмен тұрмыстық өмірде келіспейтін сәттердің болатыны сөзсіз. Қазақта сөз бар ғой “Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа” деген. Менің ойымша, қазақтың жанын тек қана қазақ түсінеді.

-Анаңыз туралы жиі айтасыз, ал әкеңіз туралы өз аузыңыздан тым сирек естиміз. Ел аузында сіздің әкеңізді танымал «рэкитер» болған деген алып-қашпа әңгіме бар…

– Менің білетінім – әкем батыр болған. Мен оны арасында ғана, ол Алматыға қонаққа келгенде көретінмін. Себебі, анам мен әкем ажырасып кеткен. Менің есімде қалғаны – ол кісі өте қайсар, батыр кісі. Ал, оның нақты кім болғанын және немен айналысқанын білмеймін.

– Қазіргі қазақ жігіттері майдаланып бара жатыр, қыздарға ұқсап бара жатыр дейміз. Не себеп деп ойлайсыз?

– Себебі, қазір тәрбие жоқ. Ата-аналар жұмыстарында, ал балаға тәрбие беретін адам жоқ, балаларына бір мезгіл қарауға уақыт жоқ. Балаларды кішкентай кезінен бастап спортқа беріп жақсылап тәрбиелеу керек. Түсінемін қазір бәрінде жұмыс, бірақ менің анам кезінде әпкем екеумізді жалғыз өзі бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп өсірді.

Кешке дейін жұмыста болса да, біздің тәрбиемізге көп көңіл болды, тіпті бірінші күйеуінен ажырасқаннан кейін де басқа жанға тұрмысқа шыққан жоқ.

Өз өмірін әпкем екеумізге арнады десем де болады.

– Сіздің кітапты көп оқитыныңызды білеміз. Қандай жанрда, қандай авторларды оқисыз?

– Иә, бірақ қазір кітапты бұрынғыдай көп оқымаймын. Жұмыстың тығыздығынан болар, кейде кітап оқуға уақыт таппай жатамыз. Менің қазір оқып жатқан кітабым – актерлік шеберлікке байланысты кітап.

Тәуекел Мүсілім қырғыз моделімен ара қатынасы туралы шындықты айтты (фото)ТӘУЕКЕЛ МҮСІЛІМ “В ПОИСКАХ МАМЫ” ФИЛЬМІНІҢ ТҮСІРІЛІМІНДЕ. ФОТО: INSTAGRAM

– Қайырымдылықпен жиі айналысасыз ба?

– Қайырымдылықты көп жасаймын деп айта алмаймын. Бірақ, шынымен де қатты қиналып, мұқтаж болып тұрған адамдарды көрсем көмектесуге тырысамын. Қазір алаяқтар өте. Біреудің атын жамылып немесе жалған ұйымдар ашып алдауы мүмкін, маған көптеген адамдар жазып жатады. Дегенмен мен бірінші адамның шын айтып тұрғанына, расымен де қатты қажет екеніне көзімді жеткізуге тырысамын.

– Өмірлік ұстанымыңыз, мақсатыңыз қандай?

– Мақсатым – жақсы отбасын құрып, жанұялы болғым келеді. Анамның артқан үмітін ақтап, қалған өмірінде жанында болғым келеді. Бақытты отбасын құрып, бала-шағалы болғым келеді.

– Қартайғанда немен айналысасыз?

– Қартаю деген – ең қорқынышты нәрселердің бірі. Себебі, қартайып сен ешкімге керек емес болып қалуың мүмкін. Көп нәрселерді әсіресе физикалық жағынан көп нәрсе қолыңнан келмеуі мүмкін. Бірақ, сол қарттыққа жетеміз бе, жетпейміз бе, ол – бір Құдайдың қолында…

Мен дәл қазір арнайы ақша жинап жатырмын немесе басқаша дайындалып жатырмын деп айта алмаймын. Себебі, барлығы әлі алда.

Дереккөз: NUR.KZ
comments powered by HyperComments