Домой Новости Шымкентте соқталдай жігіттер күзетші мен кассир қызды ұрып, букмекерлік кеңсені тонаған

Шымкентте соқталдай жігіттер күзетші мен кассир қызды ұрып, букмекерлік кеңсені тонаған

Шымкентте полицейлер бірнеше букмекерлік кеңсені тонады деген күдікпен алты жігітті ұстады деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

КӨРНЕКІ ФОТО: SPUTNIKNEWS.KZ

Жетінші желтоқсан күні қалалық полицияға 26 жастағы қыз хабарласып, түнде букмекерлік кеңсеге белгісіз біреулер шабуыл жасағанын айтқан. Қаскүнемдер қыз бен күзетшіні соққыға жығып, кассадан 180 мың теңгені алып кеткен.

Тәртіп сақшылары 18-27 жас аралығындағы облыстың алты тұрғынын ұстады. Олар кінәсін мойындаған. Тергеу ұсталған жігіттердің қалада жасалған бес тонау ісіне қатысы бар екенін анықтады.

Тонаушылар букмекерлік кеңселерге кіріп, мекеме қызметкерлеріне күш қолданып, ақшаны алып кетіп отырған. Ал ұрланған ақшаны өз қажеттеріне жаратыпты. Зардап шегушілерге 400 мың теңгеден астам шығын келтірілді.

“Тонау” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.

comments powered by HyperComments