Домой Новости Шымкентте күйеуінен оңбай таяқ жеген жүкті келіншектің баласы өлі туылды

Шымкентте күйеуінен оңбай таяқ жеген жүкті келіншектің баласы өлі туылды

Шымкентте күйеуінен оңбай таяқ жеген жүкті келіншектің баласы өлі туылды. Қатты соққының салдарынан шаранадағы бала шетінеп кеткен. Ал дəрігерлер тепкінің астында қалған азаматшаның жағдайы мүшкіл деп отыр. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Шымкентте күйеуінен оңбай таяқ жеген жүкті келіншектің баласы өлі туылдыЖӘБІРЛЕНУШІ КҮЙЕУІМЕН

Таяқтың астында қалған Салтанат қазір Шымкенттегі ауруханада жансақтау бөлімінде ес-түзсіз жатыр. Ең сорақысы, жақындарының сөзінше, келіншектің жатырын ота кезінде хирургтар алып тастаған. Енді ол сəби көтере алмайды деп қыздарының болашағына алаңдаған ата-анасы күйеу баласының əрекетіне ашулы. Тіпті отағасы ауыр халде жатқан жарының артынан бір рет те іздеп келмепті.

“Тұрмысқа шыққалы таяқ жеумен болды. Көгеріп-сазарып үйге келеді. Біз қызымызды талай емдеттік. Бірақ, есін жиған соң, қайта күйеуіне қосылып, кетіп қалады. Қайтып келген қыз жаман деген сөз намысына тисе керек. Отбасын сақтап қалғысы келеді. Ел куə, талай мəрте келіп, талай мəрте кеткеніне. Қазір енді жатыр, екі бүйрегі істемейді. Ішіндегі бала қанға тұншығып өлген. Ұлы сөзде ұят жоқ. Аналығы жоқ, алып тастаған. Қызымды танымай қалдым. Ал қызымды осы жағдайға жеткізген күйеу балам түк болмағандай тайраңдап жүр”, – дейді қыздың əкесі Жалғасбай Молдыбаев.

Салтанаттың жүктілігі 34 апта болғандықтан, босану мерзімі жақындаған. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген соң, дəрігерлер келіншектің өмірін əрең аман алып қалыпты. Ал ақ халаттылар іштегі бала шетінеп кеткен дейді.

Бұған қоса, екі бүйрегі істен шыққан. Қазір әйел жасанды аппараттың көмегімен дем алып жатыр.

Салтанат пен Серік осыдан үш жыл бұрын отау құрған. Туыстарының сөзінше, Салтанат – Серіктің үшінші жары. Алдындағы екі отбасыдан азаматтың екі баласы бар. Салтанат оларды бауырына алып, ананың орнына ана болған. Бірақ, енді өзі сəби көтеру бақытынан айырылып отыр.

ОҚО ІІД мəліметінше, күйеуінен оңбай таяқ жеген келіншектің ісіне байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Полиция қызметкерлері тексеру барысында 1985 жылғы жəбірленушіні өзінің 1985 жылғы күйеуі, Шымкент тұрғыны ұрып-соққандығын анықтаған. Аталған жайт 10 желтоқсан күні Шымкент ҚІІБ Абай ПБ-нің СДТБТ- не тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 107 бабы 1 бөлігімен «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiрді» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

comments powered by HyperComments