Домой Новости Назарбаевтың сынынан соң шенеуніктер шетел асқан миллиардтарды қайтаруға кірісті

Назарбаевтың сынынан соң шенеуніктер шетел асқан миллиардтарды қайтаруға кірісті

Бас прокуратура шетел асқан миллиардтарды қайтаруға кірісті. Тіпті оффшордағы қыруар қаржыны отанға қайтаруды өз бақылауына алған Жақып Асанов ақшаның ізіне адаспай түсуі үшін прокурорлардың білімін жетілдіріпті. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Назарбаевтың сынынан соң шенеуніктер шетел асқан миллиардтарды қайтаруға кірістіЖАҚЫП АСАНОВ. ФОТО: BNEWS.KZ

Бұл іске Қаржы министрлігі де қосылған. Алайда, мұхит асқан миллиардттарды қайтару оңай болмайтынын шенеуніктер осы бастан мойындап отыр.

Президенттің пәрменінен кейін Есілдің сол жағалауында нағыз дүрбелең басталып кеткен. Таяқтың ұшы тиген құзырлы органдар қалың ұйқысынан ояғандай. Осылайша олар Қазақстаннан шығарылған әр тиынды түгендеуге бел шеше кіріскелі жатыр.

Бірақ капиталды қайтару жолдары белгісіз. Тек Бас прокуратура оннан астам қызметкерін экономикалық қылмыстарды тергеуге үйретіпті. Әйтсе де, қаржылық қитұрқылықтарды әшкерелейтін сауаттары әлі де төмен. Енді былықты әшкерелеу үшін Қаржы министрлігі көмекке келмек.

“Тиісті тапсырмаларды алдық. Бізде сауатты күресу үшін біздің мықты мамандар болуы керек. Сондықтан мамандар оқып келді. Арнайы курстан, тренингтан өтті. Енді бұл бағытта біз басқа өкілетті органдармен бірігіп, сол жұмысты жасаймыз”, – дейді Бас прокурор.

Ал Қаржы министрлігі шетелдегі әріптестерімен байланысып, қай мемлекетте отандық олигархтарға тиесілі шоттар мен жылжымайтын мүлік барын анықтамақ.

“Басқа мемлекеттердің салық органдарымен ақпарат алмасу арқылы, «фатко» деген келісім-шарт бар сол арқылы да қараймыз. Оның үстіне «Бэпс» деген жоба бар. Бұл да салықтан жалтару, ақшаны тығуға қарсы жұмыстар. Осыған қарсы іс-шаралар қабылданып жатыр”, – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Жалпы, қазір оффшор мен шетел банктерінде Қазақстаннан аударылған 12 жарым миллиард доллар жатыр екен. Ақшасын шетелге тыққандардың арасында мүйізі қарағайдай ұлттық компаниялар да бар.

Бұдан былай Қазақстанда тапқан ақшасын шетелге аударуға заңмен тыйым салынғалы жатыр. Алайда, бұл құжаттың аты түгіл заты да жоқ.

Президенттің сынынан соң Үкімет тиісті заңды әзірлеуге енді кірісті. Оның ұзақ шаруа екенін ескерсек, арал асқан ақшаның жақын арада оралуы екіталай.

comments powered by HyperComments