Домой Новости Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отыр

Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отыр

NUR.KZ

порталына Азаматтық авиация академиясының өкілдері хабарласып, оқу орнында болып жатқан келеңсіздіктермен бөлісті.  Академия проректоры Шамиль Берішовтің айтуынша, тамыз айынан бері академияның студенттері жазғы өндірістік ұшу тәжірибесінен өтпеген.

Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отырАЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІ. ФОТО: MOD.KZ

Бұған Азаматтық авиация комитетінің академияның тәжірибе алаңында ұшуға және тренажерда дайындалуға тыйым салғаны кедергі болып отыр. Осы және өзге де сұрақтарға жауап берген академия проректоры Инвестициалар және даму министрлігінен мәселені оң шешіп беруін сұрауда.

 – Шәміл Тұрсынұлы, әңгіме барысында мұндай шектеудің 2017 жылдың 10 тамызынан кейін басталғанын айттыңыз. Жалпы, мұндай шектеу қоюға не себеп болды?

– Иә, өкінішке қарай, 2017 жылдың 10 тамызында авиа апаттан Азаматтық авиация академиясының студенті мен нұсқаушысы қайтыс болды. Әрине, бұл жағдай бізге оңай соққан жоқ. Аталған қайғылы оқиғадан соң академияның оқу орталығын жаппай тексеру басталды. Осы оқыс жағдай Азаматтық авиация комитетінің біздің әуеде өтетін жазғы оқу-жаттығуымызды тоқтатып қоюына себеп болды деп ойлаймын. 10 тамыздан бері аталған оқиғаға қатысты арнайы құрылған комиссия тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Нақты шешім шықпайынша, алдын-ала болжам айтуға құқығым жоқ. Бірақ тамыз айынан бері академияда білім алатын 2-ші, 3-ші, 4-ші курс студенттерінің әуеде өтуі тиіс оқу-жаттығуы тоқтап тұр. Біздің жанымызға батып тұрғаны да осы.

 – Демек, азаматтық авиация комитетінің студенттердің өндірістік ұшу тәжірибесін тоқтатып қоюына ұшақ апаты себеп болуы мүмкін. Солай ма?

– Сондай болжамымыз бар. Оқу орталықтарының ұшу-жаттығу қызметін тоқтатудың заңды көрсетілген тәртібі бар. Әйтсе де, 28 тамыз күні Азаматтық авиация комитеті басшысының міндетін атқарушы Тоты Әмірованың нұсқауымен жіберілген телефонограммада бұл жағдай әсте басқаша түсіндірілген. Яғни, заңды тұрғыдан Авиация комитеті, оқу орталығы нұсқаушылардың құжатын уақытылы жібермегені үшін ұшу алаңын жауып, студенттердің жазғы өндірістік тәжірибесін тоқтатып қойған. Бұл әрине заңсыздық, бұл мәселе бойынша қазір құзіретті органдар айналысуда. Тамыздағы ұшақ апатынан соң жаппай тексеру басталғанын жоғарыда айтып өттім. Бүгінге дейін бізді екі бірдей комиссия тексерді. Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған комиссия бір аптаға созылған тексеру жұмыстарынан соң академияның жұмысынан айтарлықтай кінәрат тапқан жоқ.Ал бір айдан бері жүргізіліп жатқан құрамында 5 прокурор және 10 авиамаман тартылған прокурорлық тексерулер әлі аяқталмады. Мұндай авиа апат болған жағдайда, тәжірибиеге сүйенсек тек мамандардан құрылған арнайы комиссия ғана тергеу жұмыстарын толығымен жүргізіп, өзінің ұсынысы мен шешімін беруі қажет. Арнайы комиссияның ұсыныстары уақытында орындалды. Бірақ, олар оқу-ұшу жаттығуларын тоқтатуға ұсыныс бермеді, тіпті Тоты Әмірованың оқу – жаттығу, ұшу практикасын тоқтату туралы нұсқауын сынға алды. Тексеру жұмыстары аяқталған соң, студенттердің әуедегі өндірістік тәжірибесі жалғасын табады деген үлкен үмітіміз бар. Өйткені, бұл жағдай академиядағы оқу процесіне кері әсерін тигізіп отыр. Бүгінге дейін студенттердің ата-аналары да жиналып, министрлікке шағым жазып үлгерді. Бәрінен бұрын студенттерімізге қиын соғып тұр.

Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отырАКАДЕМИЯ. ФОТО: MOD.KZ

 – Жоспар бойынша студенттердің әуеде жаттығу жасауына қанша уақыт бөлінген?

– Соңғы үш жылдан бері біздің академия білім берудің еуропалық үлгісіне көшті. Өйткені, авиация саласында еуропалықтардан үйренеріміз көп. Жоспар бойынша жазғы өндірістік ұшу тәжірибесі кезінде әрбір студент-ұшқыш 200 сағатын әуеде өткізуі тиіс. Бұрын АН-2 ұшағымен студенттер әуеде небары 40 сағатын өткізетін. Бүгінгі жағдай жаман емес. Батыс елдерінде дайындалған ұшақтарда жаттығады. Одан бөлек, біз болашақ ұшқыштарымызды екі моторлы ұшақтарға отырғызып, визуальды және инструментальды ұшулар жасауға мүмкіндік берудеміз. Халықаралық стандартқа сай жұмыс істеп жатырмыз.Академияны бітірген түлектерге дипломмен қоса коммерциялық ұшқыш сертификаты беріледі. 2016 жылы біздегі барлық нұсқаушылардың талапқа сай екенін Азаматтық авиация комитетінің өзі растады. Нұсқаушыларымыздың басым бөлігі еуропалық реитингке ие. Біздегі жас нұсқаушылар тәжірибелі нұсқаушылардың бақылауымен ғана ұшады. Тәжірибелі нұсқаушылардың 1000 сағаттан аса ұшу тәжірибесі бар.

Биыл біздің академияны алғаш рет алты вертолетші бітіріп шықты. Олардың барлығы да жұмысқа орналасқанын көріп, келесі жылы вертолетшілер санын көбейтеміз деген мақсат қойып отырмыз. Өкініштісі сол, биылғы әуедегі өндірістік тәжірибеміз белгісіз себептермен кейінге қалып жатыр. Келесі жылы бұл олқылықтың орнын жабу үшін бізге жаттығуды әлдеқайда ертерек бастауға тура келеді. Мүмкін, сәуір-мамыр айларында бастап қалармыз. Ал биыл әуедегі өндірістік тәжірибеге бөлінген қаржыны игере алмасақ, келесі жылға қаражат алуымыз да қиын болайын деп тұр.

 – Әуедегі оқу-жаттығу жиындары кейінге қалдырылғанын студенттер қалай қабылдады?

– Әрине, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 10 тамыздағы қайғылы оқиғадан соң да болашақ ұшқыштардың өзімен, кейін ата-аналарымен кездесіп, моральды тұрғыдан көмек бердік. Қуаныштысы сол, ешбір студент-ұшқыш осыдан соң оқудан шығып кеткен жоқ. Бәрінен бұрын 4-ші курсты бітіретін түлектерімізге оңай болмайын деп тұр. Оларға әуедегі өндірістік тәжірибеден бөлек мемлекеттік емтихан ұйымдастырып, диплом мен сертификат беруге міндеттеміз. Академиядағы қиын жағдайға байланысты 50-ге жуық студентті Испанияда оқытып келдік. Ол жақта оқудан бөлек, жүріп-тұрудың өзі арзан еместігін білесіздер. Десе де, бізде басқа амал қалмады. Түлектердің бұл саланы игеріп, мықты маман болуына үлес қосуымыз керек. 2017 жылға жоспарланған ұшу тәжірибесі орындалмай тұр. Бұл оқу жоспарына, білім сапасына әсерін тигізіп, студенттер мен ата-аналар арасында үлкен наразылық туғызуда.

Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отырКӨРНЕКІ СУРЕТ

 – Авиациялық академия түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші туралы не айтасыз?

– Бұл еліміздегі авиация саласында білім беретін бірден-бір оқу орны. Сондықтан, жоғары талаптарға сай болу үшін аянып қалған емеспіз. Бүгінде академияны бітірген түлектердің 75 пайызы жұмысқа орналасқан. Air Astana, SCAT, Bek Air және т.б. компанияларда түлектеріміз жұмыс істеуде. Бұлардың арасында ұшқыштар мен инженерлер, бортсеріктер мен аэпропорт қызметкерлері де бар. Жыл сайын вакансияға арналған жәрмеңкелер өткізіп, түлектерімізді жұмыссыз қалдырмау мақсатында авиа компаниялармен келісім жүргіземіз.

– Тағы да сол әуе апатына қатысты сұрақ. Соңғы кезде еліміздегі әуе апаттарының саны жиілеп кетті. Жекелеген тікұшақтардан бөлек, санавиация ұшақтары да құлауда. Бұл жайттарға қатысты не айтасыз? Адам өліміне әкелген академияның ұшу алаңындағы апаттың алдын-ала болжамын жасаған шығарсыздар…

– Негізі, Академияда болған қайғылы оқиғаға «Азем» аэродромының жарақсыздығы себеп деп айтып жатыр. Бұл бейресми нұсқа. Бірақ аэродромдарға арналған қандай да бір бекітілген ереже жоқ. Бұл аэродромда ұшу алаңы бар, жабдықталған.  Таудан 25 шақырым радиуста орналасқан аэродромдар таулы аймақты болып саналады. Бұлардың қатарына Алматы, Боралдай, Байсерке, Азем жатады. Таулы аймақта орналасқан орталықта оқу-жаттығу жасауға тыйым салынбаған. Азаматтық авиация Комитеті мен Қорғаныс министрлігі бекітіп, мұнда ұшуды орындауға сол Азаматтық авиация комитетінің өзі рұқсат беріп отыр. Салыстырмалы түрде есептейтін болсақ, көлік апаттарының ішіндегі ең төменгі көрсеткіш ұшақтардың апатынан болатын адам өлімі (шығыны), ең жоғарғы автокөлік апатынан болатынын статистика да көрсетеді және өзімізде күнделікті хабарлардан білеміз. Академия құрылғалы бері ұшақ апаттары өте аз болған. Осының бәрін ескере отырып, Инвестициалар және даму министрлігі оң шешім шығарады деп үміттенеміз.

Біздегі ұшуға шектеу қоюға соңғы кездегі ұшақ апаттарының жиілеуі де себеп болған шығар…

Академияны тексерген комиссия бізге қойылған шектеудің заңсыз екенін айтуда. Әліптің артын бағып, бұрынғы қалпымызға қайта келеміз деген сенім бар. Ең бірінші кезекте болашақ мамандарымыздың тұралап қалмауын ойлауымыз керек. Бүгінде теориялық тұрғыдан академиядағы оқу процесі жалғасып жатыр. Әрбір ұшқышқа қажетті сағат ұшуға мүмкіндік болады деп уәде бердік. Өкініштісі сол, бізге ешкім қолдау көрсетер емес. Мүмкін, мұның артында академияны Білім және ғылым министрлігінен шығарып, Азаматтық авиация комитетінің құрамына қосу мақсаты тұрған шығар. Бірақ мұндай пікір орынсыз деп ойлаймыз. Өйткені Академия жоғары оқу орындарына қойылған талаптарға сай жоғары білім беруі қажет. Ал Азаматтық авиация комитеті бастапқы кәсіби дайындыққа ғана талап қояды. Басқаша айтқанда Академия жоғары оқу орны ретінде Білім және ғылым министрлігінің лицензиясы негізінде, ал Академия құрамында құрылған бастапқы кәсіби дайындықпен айналысатын оқу орталықтары Азаматтық авиация комитетінің сертификаттауының негізінде жұмыс істейді, яғни авиациалық маман даярлау үшін екі жақты рұқсат керек: лицензия және сертификат.

Оның үстіне Академия 1998 жылға дейін ҚР көлік және коммуникациялар министрлігі құрамында болған, оны біздің ұжым өте жақсы біледі және қарсы. Онда академияда көптеген қиындықтар туындап (Академияға сол уақытта 28 млн теңге қаржылай қарыз болып қалған, бүгінге дейін қайтарылмаған), жоғары Білім министрлігі қарамағына ауысқан.

Әзірге, бәрі белгісіз. Біз тек ұшуға мүмкіндік беруді сұрап отырмыз. Одан бөлек, Шымкенттегі жаттығуға арналған ұшақтарымыз да Боралдайдағы ангарға әкелінген жоқ. Авиация комитетіне айтқан бұл өтінішіміз де жерде қалып отыр. Күн райы суытып кеткен соң, ұшақтарға зақым келеді деген қауіп бар.

Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отырТОТЫ ӘМІРОВА. ФОТО: LADA.KZ

NUR.KZ порталына Азаматтық авиация комитеті Төрағасының міндетін атқарушы Тоты Әмірова жауап беріп, Азаматтық авиация Академиясында ұшудың неліктен орындалмай отырғанын толыққанды түсіндірді.

Тоты Әмірованың айтуынша, азаматтық авиация Академиясының студенттері әуеде ұшу және жаттығу даярлығын шарттық негізде жүзеге асыратын “Training Center Part-FCL” ЖШС жеке-меншік оқу-жаттығу орталығында  тек қана 2017 жылдың шілде-тамыз (23-24 шілде) айларында екі ұшақтың күрделі зақымдануы тіркелген.

Ал тамыз айында үшінші ұшақ ауыр апатқа ұшырап, оқиға адам құрбанымен аяқталды (2017 жылдың, 10 тамызы). Сондай-ақ, ұшақ апаты кезінде жаттығу орталығында өрт сөндірушілердің жоқтығынан апаттан қайтыс болған студент пен нұсқаушының денелері толығымен өртеніп кетіпті. Орталық қызметкерлері апат туралы Бас орталыққа өте кеш хабарлаған.  Өз кезегінде, бұл өрескел заңбұзушылық саналады. Сол себепті, Азаматтық авиация комитеті академия студенттерінің оқу-жаттығу жиындарында тыйым салған. Тоты Әмірованың толық жауабын мына жерден оқи аласыздар:

Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отыр
Еліміздегі авиациялық академияның студент-ұшқыштары тамыздан бері әуеде ұша алмай отыр

 

 

Дереккөз: Nur.kz
comments powered by HyperComments