Домой Новости Алматы облысында 7 жасар баланы қағып, мерт қылған жүргізуші бостандықта жүр

Алматы облысында 7 жасар баланы қағып, мерт қылған жүргізуші бостандықта жүр

Алматы облысында 7 жасар балақайды қағып, мерт қылған жүргізуші бостандықта жүр. Жеткіншектің жақындары істің сотқа жетпей жабылғанына наразы деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Марқұм Бақдаулет. Скриншот КТК арнасы

Марқұм Бақдаулет. Скриншот КТК арнасы

Жеті жасар Бақдәулеттің өмірі тамыздың соңында Қонаев көшесінде үзілген. Сол күні немересін қонаққа ертіп келген әжесі есеңгіреп, өз-өзіне әлі келе алмай жүр. Көз алдында қаққан жүргізушінің әлі күнге жазаланбауынан өзектерін өкініш өртейді.

Тауық соқса да сұрауы бар ғой. Судың да сұрауы бар. Не сұмдық? Бір рет сотқа шақырмай ма? Бізді неге шақырмайды? Заң қайда? Заңға біз үлкен сеніп отырдық. Кінәлі кісі, Тойчиев Фарух алдымызға келген де жоқ. Жауапқа тартып берсін”, – дейді Бақдәулеттің атасы Дәлелхан Ерлан.

Тергеу қорытындысы бойынша джипті тізгіндеген азаматтың жылдамдықты асырмағаны жазылған. Апат орнын зерттеген полицейлер жүргізуші кінәсіз деген қорытындыға келген. Осылайша, баласынан айырылған ата-ананың арызы бойынша қозғалған іс сотқа жетпей жабылып қалған.

Жүргізушінің әрекетінде қылмыс болмағандықтан істі тоқтату туралы қорытындығы келген. Қазір бұл шешімнің заңдылығын тексерту үшін қылмыстық іс прокуратураға жолданды”, – дейді Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Көбейхан Нұрахмет.

Бақдәулеттің әжесі. Скриншот КТК арнасы

Бақдәулеттің әжесі. Скриншот КТК арнасы

Ал ұлдарын жоқтағандар баланы басып өлтірген жүргізушінің әрекетінде қалайша қылмыс жоқ деп аң-таң.

“Әділдік іздейміз жарығым. Барлығыңыздың бала-шағаңыз бар ғой. Көмектесіңіздер. Тергеуші де жауап берсін, қалай істі жапты жан-жақпен таныстырмай, сұрамай, білмей”, – дейді Бақдәулеттің әжесі Нағашыгүл Далыбаева.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы қазаға кінәлі жазасыз қалмауын қалайды. Бала өлімі орын ала тұра қылмыстық әрекет жоқ деп жабылған іс қайта жанданбаса, айыпты кінә арқаламаса жанайқайларын бас прокуратураға дейін жеткіземіз деп бекініп отыр.

comments powered by HyperComments