Домой Новости Ақышев АҚШ-та бұғатталған 22 миллиардттың тағдырына қатысты мәлімдеме жасады

Ақышев АҚШ-та бұғатталған 22 миллиардттың тағдырына қатысты мәлімдеме жасады

Америкалық банк бұғаттап тастаған еліміздің 22 миллиард долларының тағдыры әлі белгісіз болып тұр. Десе де, Әділет министрі Ұлттық қордағы қыруар қаржыны ешкім алып қоймайтынын айтып, сендірді деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ

Көрнекі фото: Nelson Mullins

Көрнекі фото: Nelson Mullins

“22 миллиард долларды ешкім алмайды. Бұл активтер біздің меншікте қалады. Қазақстанға тек 1 жарым миллиардтан айырылу қаупі бар. Ол талап арызда көрсетілген сома”, – дейді Әділет минситрі Марат Бекетаев.

Айта кетейік, АҚШ-тың беделді банкі Ұлттық қордың шетелде сақталған 22 млрд долларына бірнеше күн бұрын тыйым салған болатын. Оған Молдова бизнесмені Анатолий Статидің қазақ үкіметіне қарсы соттасуы себеп.

Ал қазақ үкіметі мен молдовалық бизнесмен арасындағы дау осыдан он жыл бұрын басталған. Яғни, сол кезде қалталы инвестор Анатолий Стати Маңғыстау облысында газ өңдейтін зауыт салу үшін елімізге миллиондаған инвестиция құйыпты.

Бірақ, кейін қазақ мұнайын шетелге заңсыз сатып, алаяқтық жасағаны анықталған. Дегенмен, заңды белшеден басқан инвестор жазаға тартылған жоқ. Бірақ, Қазақстанға салған қыруар қаржысы біздің меншікке өтті. Содан бері капиталын қайтару үшін Қазақстанмен соттасқан шетелдік бизнесмен жақында халықаралық сотта ақыры жеңіп шықты.

Шешімге сай, Қазақстан енді Анатолий Статиге 500 миллион доллар шығынын өтеп беруі тиіс. Тіпті, ақшаны қайтарғанға дейін Американың Mellon банкі осында сақтаулы жатқан Ұлттық қордың 22 миллиард долларын бұғаттап тастады. Ал, активке жауапты Ұлттық банк болса, әріптестеріне қарсы арыз түсірген.

“Инвестордың сұраған сомасы бұғатталған актив көлемімен салыстыруға келмейді. Біз мұның қаншалықты заңды жасалғанына көз жеткізу үшін шағым түсірдік. Екіншіден, бізде бағалы қағаздарды сақтайтын банкпен келісімшарт ағылшын құқығы бойынша бекітілген. Тиісінше, біз Лондонның жоғарғы сотына жүгіндік. Біздің ойымызша, банк бұл активтерді заңсыз бұғаттады”, – дейді Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев.

Жалпы, осы қаржылық даудан соң, енді шетел асатын әр тиын қатаң бақылауға алынбақ.

comments powered by HyperComments