
Сенатор Әли Бектаев некесін бұзғандарға баж салығын барынша көтерейік деген ұсыныс жасады. Сонда артық шығынды ауырсынған жанұялар ажыраспайды екен. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
ӘЛИ БЕКТАЕВ. ФОТО: KAZTUBE.KZ
Депутат елімізде отбасындағы қиындықты көтере алмай, екі жаққа кеткен жұптар саны күн санап көбейіп жатқанын айтады. Соңғы 5 жылда 51 775 шаңырақ шайқалған.
“Егер неке бұзғаны үшін баж салығын еселеп көтерсек, отбасын да сақтап қалуға болады. Қазір ата-аналар тәрбиеге де жүрдім-бардым қарайтын болған. Бар жауапкершілікті мектепке артып қою дұрыс емес. Ұл мен қызы қылмыс жасаса, әке-шешесін де жазаға тартайық“, – дейді Бектаев.
Cенатор заң бұзған әйелдерге кешіріммен қарауға шақырды. Қыз-келіншектерге жазаны барынша жеңілдетіп, абақтыны айыппұл салумен ауыстыруды және әйелдер түрмесін шетінен жауып тастауды ұсынды. Қазір еліміздегі 6 әйелдер түрмесінде 2 мыңнан астам қыз-келіншек жазасын өтеуде.
“Отбасылық өмірдің рухани негіздері деген арнайы пән әзірлеп, оған лайықты оқулықтар дайындап, мектеп бағдарламасына енгізуді. 5 және одан көп бала туған аналарға әлеуметтік жалақы дайындап, бала күтіміндегі уақытты еңбек өтіліне теңестіруді. Түрмеде отырғандар санын бірте-бірте азайта отырып, әйелдер түрмесін мүлдем қысқарту шараларын қарастыруды ұсынамыз”, – дейді сенат депутаты Әли Бектаев.
comments powered by HyperComments