
Жаңа жыл мерекесіне дайындықты екі ай бұрын бастап кеткен астаналықтар, шетелдің «Halloween» күнін де назардан тыс қалдырмақ емес. Аталған мерекеге, әсіресе, елордалық жастар мықтап кірісуде. Студенттер «Hallowen» күніне орай арнайы макияж жасатып, «Halloween Party» кештеріне бармақ деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
КӨРНЕКІ СУРЕТ: TRAVELCALENDAR
Соңғы жылдары елімізде айрықша аталып өте бастаған мерекеге, әсіресе, студент жастар әуес. Айтуларынша, «Halloween» ерекше образдар мен «мистика» мерекесі екен.
Десе де, олардың арасында аталған мерекені даттап, «оның біздің менталитет, дін-дәстүрімізге сай келмейтінін» жеткізген жастар да табылып жатты.
«Бұл осыдан біраз жыл бұрын ақпан айында тойланатын «ғашықтар» күні сияқты болды. Білмеймін, жастардың өзге ұлт, елдердің мейрамдарына несіне соншалықты қызығатынын? «Halloween»-ді, тіпті, мейрам сиқы жоқ күн деп айтар едім. Беттерін адам шошырлықтай етіп бояп, «қорқынышты» костюм кигеннен не өзгереді? Ақшаны желге шашу дер едім. замандастырымның осылай адасып, басқа елдің салт-дәстүрінің жетегінде кетуі – түбі жақсылыққа апармас деп ойлаймын»,-дейді астаналық Әділбек
есімді студент.
Айта кетейік, аталмыш мереке әлемнің көптеген мемлекеттерінде 31 қазанда атап өтіледі. «Halloween» мейрамы, әсіресе, Ұлыбритания, АҚШ елдерінде кең тараған.