Домой Түркістан облысындағы кей аудандарда көмір бағасы шарықтап кетті

Түркістан облысындағы кей аудандарда көмір бағасы шарықтап кетті

Түркістан облысы әкімдігінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің қыс маусымына дайындығы пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б.Полатбеков өңірдегі 2830 бюджеттік мекеме жылу маусымына толық дайын екенін жеткізді. Оның сөзінше, облыстағы 2830 бюджеттік мекемеге қажетті 169 мың тонна көмір отыны және 6 млн литр сұйық отын толық тасымалданған. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге көмір қажеттілігі — 106 мың тонна, тасымалданғаны — 61 мың тоннаны құраған. «Облыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 544 көпқабатты тұрғын үй жылу беруге дайын. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыстағы елді мекендердің табиғи газбен қамтылғаны 343-ке жетіп, қамту деңгейі 40,8 пайызды құрады. Ағымдағы жылы қосымша 42 елді мекенге газ инфрақұрылымын тартып, қамту пайызын 45,7-ге жеткізу жоспарланып отыр», — деді Бақытжан Әнуарбекұлы. Басқосуда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аудандарда әлі де газ құбырын тарту жұмыстары кенжелеп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Шардара сынды аудандарда көмір бағасының шарықтап кеткенін айтып, бағаны тұрақтандыруды тапсырды. Бұдан өзге, облыс көлемінде электр энергиясының жиі сөнетінін сынап, 53 мың кВт жарық берілмегенін жеткізді. Бұл сала бойынша да аудан басшыларына тапсырма жүктелді. Сонымен қатар, жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мырзабаев өңірдегі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. «Облыстағы автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына жұмылдырылатын техника саны — 134, жұмысшылар саны — 279 адам. Техникалар толығымен жұмыс істеуге дайын. Инертті материалдар бойынша  9 674 текше метр құм және 636 тонна тұз әзірлеу жоспарланған болса, жоспар 100 пайызға орындалып, аудан, қалалардағы қоймаларға тасымалданды», — деді Мақсат Мырзабаев. Жиында «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы М.Дүйсембеков бүгінгі күнде «ҚазақАвтоЖол» ЖШС ОҚО филиалы 766,2 шақырымға қысқы күтім бойынша дайындық жұмысын жүргізіп жатқанын жеткізді. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің қыс маусымына дайындығын пысықтауда аса мұқият болу керектігін айтты. Сондай-ақ, Түркістан-Шымкент, Шымкент-Сарыағаш бағытындағы автомобиль жолында жол-көлік оқиғасының жиілеп кеткенін баяндап, ол жерлерге арнайы белгілер орнатуды, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруды тапсырды.