Домой Новости Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінен сабақ беріп жүр — Өңірлік баспасөзге шолу

Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінен сабақ беріп жүр — Өңірлік баспасөзге шолу

ҚазАқпарат — Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады. *   *   * Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінен сабақ беріп жүр — «Qostanaı tańy» газеті  Облыстық газеттің жазуынша, өңірде қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, тіпті осы пәннен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері баршылық екен. Шындығында, өз қандастарымыздың біразы ана тілін үйренуге асықпай жүргенде бұл ерекше жағдайдың бірі секілді. Осыған байланысты газет солтүстік өңірде сөйлесетін ортасы көп болмаса да қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің талабына қуаныш білдірген. Мақала да соларға арналыпты. Газеттің жазуынша, сондай адамның бірі — Римма Афанасьева. Ол Жітіқара ауданында дүниеге келген. Өскен ортасында қазақша сөйлейтіндер мүлде болмапты. Орыс мектебінде оқып, бітірген. Яғни, бәрі өз талап-ынтасымен жүзеге асқан. «Қазақ тілін еркін меңгеруге өзімнің қызығушылығым мен осы пәннен сабақ берген ұстазым себеп болды», — дейді ол. — 1-сыныпты бітірген кезде «Мен қандай пәнді жақсы білемін?» деп ойладым. Сол кезде қазақ тілінен байқауға қатысып, екінші орын алғанмын. Егер жарыста озсам, яғни, әрі қарай тырыса беруге болады деп шештім. Сонда қатты қуанғаным әлі есімде, — дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Римма Афанасьева». Римма қазір Федоров ауданындағы Воронеж ауылында орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ береді екен. Мақалаға арқау болған тағы бір кейіпкер Дмитрий Ромашенко да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Ол Украин отбасында дүниеге келіпті, мектепті орысша оқыған. Өзінің ерік-жігерінің арқасында қазақ тілін меңгеріп шыққан екен. Ол қазақ тілінің насихатталу жағы кем деген пікірде екен. «Тілді тағы да насихаттау керек. Жақсы кітаптарды көптеп шығарған дұрыс. Әлемдегі ең жақсы кітаптарды қазақ тіліне аударса жақсы болар еді. Сосын оқулықтардың сапасын көтеру қажет, — дейді кейіпкеріміз»… Созақ көтерілісі және ашаршылық — «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Мақаланың авторы Орынбек Ибжанов атты кәсіпкер. Ол 1930 жылғы Созақ көтерілісінің қалай шаққанынан бастап, оған қатысты деректерді алға тарта отырып, өз пайымын ортаға салады. Жазуынша, Созақ көтерілі өзінен-өзі, жайдан-жай бұрқ ете қалған жоқ. «Кеңес үкіметі билеушілерінің шектен тыс зорлық-зомбылықтары қарапайым ауыл адамдарының төзімін әбден тауысқан болатын. Мүлік тонау, қыз зорлау, қос уыс бидай үшін итжеккенге айдату, астықтарын тартып алу секілді зорлық-зомбылықтар күн сайын асқынып бара жатты. Мұнан соң тірі адам қарап жата ма?» Автор деректерді ақтара отырып, көтерілістің қалай басталғанын, оған кімдердің қатысқанын тізіп шығады. Ресми құжаттарға көз жүгіртіп, көтерілістің басшыларын, ұйымдастырушыларын атап өтеді. Мақалада көтерілісшілердің әрекеттері, олардың қимылдары туралы айтылады.  «Көтерілісшілер арнайы киім киген. «Шейіттікті нәм еткен» соң олар бірыңғай ақ киім киінген. Ақ ту көтерген. Онда «Алла! Алла!» деген жазу болыпты. Көтерілісшілер сот, прокурор, тергеу бөлімдерін құрған. Ең соңғы үкімді хан және оның уәзірлері айтқан… Елге зәбір көрсеткен, тізесі батқан бірінші хатшы, исполкомның төрағасы, аудандық сот, аудандық сот тергеушісі халықтың көз алдында жазаланған. Коммунистер, комсомолдар, белсенді болғандар Қарабура әулиенің сағанасын құшақтай жығылыпты. Сол үшін де оларға түгелдей кешірім берілсе керек». Автор Созақ көтерілісі жайлы жантүршігерлік мәліметтер табылғанын да жазады. Көтеріліске қатысты әлі де әділ баға берілмегенін, сол себепті оның сұмдық салдары әлі де жазылмағанын айтады. Тоқтала кететін жайт, мақала авторы осынау зұлматты жылдың қасіреті ел жадында сақталуы тиістігін атап өтеді. Жазуынша, осы мақсатта Созақ ауылының кіре берісіне «Созақ көтерілісі және ашаршылық» атты мемориалды кешен салуды бастап кетіпті. Шудан таралған қасіреттен жастарды қалай қорғаймыз? — «Aq jol» газеті

«Қазақ хандығының туын тіккен, үш жүздің төбе биі Төле бабамыздың туған жері саналатын киелі, қасиетті өңірде — Шу ауданында есірткі бизнесі көптеген жастарды улап, жылдан-жылға өршіп бара жатқаны жасырын емес. Тіпті кей ауылдарда жақыны, туған-туысқаны, балалары істі болмаған үй жоқ. Мұны Шу ауданындағы ел-жұрттың тәлім-тәрбиесіне жауаптылардың, ұлттық тәртіпке ақылшы кәрі мен жастың бәрі білсе де, науқандық шаралардан нақты нәтиже болмай тұр. Шу өңірінен басталған сол қасіреттің өзге аудандарға да жайыла бастағанына қалың ел куә» деп жазады «Aq jol» газеті. Мақалада Шу өңіріндегі Қызыл құм қойнауы қарасора жапырағын терушілердің өрісіне айналып бара жатқаны айтылады. Автор осыдан біраз жыл бұрын өзі зерттеген мәселеге назар аудартады. Жазуынша, Тараз қаласындағы түрме-колонияларда жатқандардың басым көбі шулықтар екен. Түрлі оқиғаларды келтіре отырып, автор «Нашадан құтылудың жолы қандай?» деген сұрақты көлденең тартады. «Полицейлер күрескен секілді болады, көбіне жастар сотталып жатыр, ал түрмеден келгендердің оңғаны аз. Шу өңірінің келешегі не болмақ?…Бұл кесапатты бүгін тоқтатпасақ, ертең кеш болады. Аудандағы ардагерлер, кәсіподақ ұйымдары, депутаттар, қоғамдық кеңес өңірдің ілгерілеуіне күш салу керек шығар. Не де болса, жастарды есірткі ауруынан құтқару жолын іздеуге тиіс. Мұндай дертпен тек полицейлердің күрескені аз, билік, бүкіл ел болып күреспесек, жағдайымыз қиын». Сонымен бірге, автор Шу ауданындағы жастар үшін анаша күнкөріс көзіне айналып бара жатқаны шындық екенін айтып, соған алаңдаушылық білдіреді. «Анашаның «ылаңы» мектептерді де шарпитын сияқты. Сонда Шу жастарын «қасіреттен» қалай қорғаймыз?» деп түйіндейді автор. 91 жастағы қария пәтер сұрайды — «Жетісу» газеті

«Жетісу» газеті редакцияға келген оқырманның хатын жариялапты. 91 жастағы қария баспанасының жоқтығынан осындай хат жазуға мәжбүр болғанын айтыпты. «Менің жасым 91-де. Талдықорған қаласының Еркін ауылы, Қаратал көшесіндегі №109 үйде уақытша тіркеудемін. 38 жылдық ғұмырымды ұстаз болуға арнадым. Осы жылдар ішінде мұғалімнен бастап мектеп директорлығына дейінгі қызметтерді абыроймен атқардым. Еңбегім еленіп, «ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі» атағына ие болдым. Еңбек, тыл ардагері атанған мен бүгінде ІІ топтағы мүгедекпін….Шәкірттерім бүгінде үмітімді ақтап жүр. Қанша ғұмырым қалғаны Алланың қолында ғой. Көзімнің тірісінде маған қолғабыс етіп отырған бір балама пәтер алып беріп кетсем-ау деген арманым бар. Қалада пәтер кезегінде тұрмын» депті хатта. Қоянды жәрмеңкесінің беймәлім деректері: қайыры мен қалтарысы — «Орталық Қазақстан» газеті

Мақала авторы еліміздегі тарихи-әлеуметтік маңызы бар Қоянды жәрмеңкесінің көпшілік қауымға беймәлім деректерін алға тартатынын жеткізіпті. Онда автор әйгілі жәрмеңкенің туу тарихына тоқталып, архив деректерінде сақталған сауда көрсеткіштерін де алға тартады. Қызықты деректер де ұшырасады. Мысалы, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесіне сол кезеңдегі Қытай империясынан 4720 бас қой, 1225 ірі қара саудаға түсіпті. Сондай-ақ, Жетісудың Лепсі, Қапал, Жаркент уездерінен әкелінген мал сатылған екен. Бір қызығы, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде тек қана Қарқаралы тұрғындары 154 түйе сатқан екен. Әкелінген барлық мал түгелімен сатылып, оның жалпы қосынды құны 686980 сомға жетті. Жүн-терілер де байлықтың көзіне айналды. Көптеген текеметтер саудаға түсті. Қысқасы, шикізаттардың өзінің құны 454091 сомға жетіпті. Автор бірте бірте Қоянды жәрмеңкесінде мал өнімдері ғана емес, мүліктер, ағаш сандықтар, ағаш ыдыстар, киіз үйлердің қанаттары саудаға түскеніне назар аудартады. Мануфактуралық, бакалеялық, галантереялық заттар, темір бұйымдары және басқа тауарлар Қоянды жәрмеңкесіне Омбы, Барнаул, Ақмола, Қазан, Жетісу өңірлерінен, Мәскеу, Семей, Кереку, Түмен, Томск, Тәшкент, Сырдария облыстарынан, Қарқаралы қаласынан, Зайсаннан әкелініпті. «Әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің пайдасын сол тарихи кезеңнің өзінде бүкіл қазақ елі көрді. Сонымен қатар, мына бір ерекше жайды да айта кеткен жөн болар. Қарқаралы уезінің 1 бөлімшесінің ветеринары К.Саулить деген азамат 1906 жылы Қоянды жәрмеңкесі кеңесінің төрағасы болған екен. Сол жылы К. Саулить былай деп жазыпты: «Өкінішке орай, Қоянды жәрмеңкесі кезінде далалықтарға (қазақтарға) өте төмен сапасыз тауарлар сатылады. Ұятсыз көпестер небір қылықтарға барып, көшпенділерге ешбір жерде сұраныс көрмеген тауарларын неше түрлі айла-шарғылармен өткізеді. Жәрмеңке көпестері 60 процентке дейін өздерінің пайдасына жеп үйренген». Жазуынша, тойымсыз әрекеттері әшкереленген ашкөз көпестер бірігіп жәрмеңке басшысының үстінен шағым жазып, қудалапты. Олар тіпті Семей губернаторынан жәрмеңке басшысын қарқаралылықтардан әрі ветеринардан тағайындамауды сұраған екен. «Өткен ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қоянды жәрмеңкесінің рационалды әлеуметтік-экономикалық тәжірибелерін қазіргі Қазақстанның нарық экономикасының шеңберінде ұтымды пайдалану абзал болар еді» деп түйіндейді автор. Мұстафа Шоқай. Тәуелсіздік һәм ұлттық рух — «Ақтөбе» газеті

https://www.inform.kz/kz/ozge-ult-okilderi-kazak-tilinen-sabak-berip-zhur-onirlik-baspasozge-sholu_a3472853

comments powered by HyperComments