Домой Новости Таратылған банктердің салымшылары ақшаларын қайтара алады ма?!

Таратылған банктердің салымшылары ақшаларын қайтара алады ма?!

Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қорының төрағасы Нұрлан Әбдірахманов депозит нарығындағы үрдістер және таратылған банктердің салымшыларына ақшаларын қайтару турасында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Жеке тұлғалар депозиттерінің көлемі соңғы бес жылда 3,7 трлн теңгеден 8,4 трлн теңгеге дейін екі есе өсті. Жеке тұлғалардың банктегі шоттарының саны 21 — 55 млн аралығында артты. Депозиттердің өсімі негізінен 1 жыл және одан көп уақытқа салынған мерзімді депозиттердің есебінен болды: 12 айдағы өсім 20%-дан астамды құрады», — деді ол. Оның айтуынша, адамдар тұрақты түрде мерзімді салымдарға басымдық береді. Таза қолда бар кірістің он теңгесінің әрбір сегіз теңгесі мерзімді депозиттерге салынады. Олардың жартысынан көбі бір жылдан астам уақытқа салынады. ҚДКҚ-дан атап өткендей, банктік шоттардың 99,9% 20 миллион теңгеге дейінгі депозиттер орналастырылған. Бұл, депозит нарығының көпшілікке арналған сегменті. «Бұл үрдістер Ұлттық банктің теңгелік депозиттердің кепілдігін 15 миллион теңгеге дейін ұлғайту себебін түсіндіреді. Ол депозит сомасын және жинақталған сыйақыны жабады. Көпшілікке арналған сегменттің теңгедегі бөлігі 72%, ал шоттардың саны бойынша 95% болды. Енді көпшілікке арналған сегмент долларсыздандырылды деп сеніммен айта аламыз», — деді Н. Әбдірахманов. Қор өкілдері қордағы қаражат таратылған банктердің салымшылары алдындағы міндеттемелерді орындауға жететініне сендірді. Н. Әбдірахманов салымшыларға өтемақыны төлеуге арналған ҚДКҚ-ның резерві банк секторының есебінен жинақтау негізінде қалыптасатынын айтты. «ҚДКҚ-ның резерві банктер жарналарының есебінен қалыптасады, ал Ұлттық банктің ҚДКҚ-ның капиталына салған қаражатының үлесі 236 миллиард теңге көлемінде сақталады және 30% аспайды. Бұдан былай ҚДКҚ-ның резервіндегі банктер жарналарының үлесі тек өсетін болады, ал Ұлттық банктің ҚДКҚ-ның капиталына салған үлесі төмендейді. Бұл, сондай-ақ қор резервінің өсу қарқыны депозиттік базаның өсу қарқынынан асып түсумен де байланысты (ҚДКҚ резерві соңғы үш жылда 25%, депозиттік база- 18% өсті), ал резервтің активтері кредиттік және өзге тәуекелдерге ұшырауға бейім емес», — деп атап өтті ол. ҚДКҚ қаражатының 90% мемлекеттік бағалы қағаздарға және рейтингі «AA+» және «ААА» шетелдік бағалы қағаздарға орналастырылады. Инвестициялық портфельдің қалған бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі теңгемен депозиттерге және ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарына орналастырылған. Еске салайық, Қазақстанда «Астана банкі» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «ЭксимБанк» АҚ және «Қазинвестбанк» АҚ сот шешімімен мәжбүрлі түрде таратылды.

https://www.inform.kz/kz/taratylgan-bankterdin-salymshylary-akshalaryn-kaytara-alady-ma_a3467118

comments powered by HyperComments