Домой Новости Петропавлдағы көрмеде табиғатты тамашалауға арналған мөлдір қонақ үй таныстырылды

Петропавлдағы көрмеде табиғатты тамашалауға арналған мөлдір қонақ үй таныстырылды

Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында туристік көрме жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл көрмеде Ресейдің Омбы облысы да өз әлеуетін көрсетті. Шекаралас облыстан келген қонақтар Солтүстік Қазақстан жұртына болашақтың қонақ үйін ала келіпті. Ол — мөлдір шар тәріздес эко-қонақ үй. Омбылықтар мұндай экотуризмға сұраныс көп болатынына сенімді. Омбы облыстық туристік-ақпараттық орталығы басшысының орынбасары Василий Дедюхиннің айтуынша, мұндай эко-қонақ үйлер Францияда кең таралған. Ал Ресейде көп адам оны түсіне бермейді. «Мұндай қонақ үйдің бірегей ерекшелігі — табиғатпен оңаша қалуға мүмкіндік беретіндігінде. Ол, әсіресе, мегаполис тұрғындары үшін таптырмас дүние. Қонақ үй толығымен мөп-мөлдір. Мына үлгіде ішінде орындық бар, бірақ оның орнына кереует қоюға да болады. Бұл қонақ үй екі адамға арналған», — деп түсіндірді В.Дедюхин. Инновациялық шатырлар жылуды сақтап тұрады. 15 градус аязға дейін төтеп береді. Эко-қонақ үйді Челябіде немесе Франциядан тапсырыс беріп, алдыруға болады.  Дегенмен, В.Дедюхиннің сөзінше, құны үш есе қымбатқа түсетінін ескеру керек. Шамамен 500 мың Ресей рублін жұмсауға тура келеді. «Омбы облысы экотуризмге баса назар аударып отыр. Келешекте осындай қонақ үйлерден тұратын кешен ашқымыз келеді. Әзірге бизнес-жоспар жасалған жоқ. Мүмкін, көрмеден кейін бұл мәселе көбірек айтылып, өзектілігі арта түсетін шығар. Бүгіннің өзінде көп адам қызығушылық танытып, ішіне кіріп көріп жатыр. Мұның өзі — жетістік», — дейді В.Дедюхин. Көрмеге 40-тан астам экспонат қойылған. Әрқайсысының таңғалдырарлық ерекшелігі бар.

https://www.inform.kz/kz/petropavldagy-kormede-tabigatty-tamashalauga-arnalgan-moldir-konak-uy-tanystyryldy_a3451170

comments powered by HyperComments