Домой Новости Оралда сот заңсыз қуылған қызметкерді жұмысқа қайта алғызды

Оралда сот заңсыз қуылған қызметкерді жұмысқа қайта алғызды

Оралда сот қызметінен заңсыз босатылған ЖШС қызметкерін жұмысына қайта алғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, талапкер Ч. ЖШС-да зергерлік бұйымдарды бағалаушы-кассир қызметін атқарған. Биылғы қыркүйекте ЖШС-да тексеру жүргізіліп, кепілге салынған сырға жоқ екендігі анықталған. Алайда бұйым сол күні ломбардқа қайтарылған. Сырғаның басқа бөлімде сақталғанын, ешқайда кетпегенін басшылықтың білгенін кассирдің бұрынғы әріптестері мен ЖШС өкілі растады. Осылайша талапкер ЖШС-ға еш залал келтірмеген. Соған қарамастан, талапкерге қатысты қызметтік тексеру басталып, қорытынды шығарылған. Әйтсе де ЖШС директоры тексеру комиссиясын құру туралы бұйрықты қызметтік тексеру аяқталғаннан бір күннен кейін шығарған. Оған қоса жұмыс беруші тәртіптік жазаны екі ай өткеннен кейін қолданған. Еңбек заңнамасына сәйкес  ол бір ай ішінде қолданылуы керек. Сонымен қатар жұмыс беруші талапкердің еңбек кітапшасын еңбек шарты бұзылғаннан кейін қолына бермей, тиісті жазбаларды енгізбей, өзінде қалдырған. Орал қаласының №2 соты жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, талапкерді қызметіне қайта қалпына келтірді. Талапкердің қызметтен еріксіз бос жүрген уақытындағы 240 мың теңге жалақысын да өндіріп берді. Шешім заңды күшіне енді.

https://www.inform.kz/kz/oralda-sot-zansyz-kuylgan-kyzmetkerdi-zhumyska-kayta-algyzdy_a3467951

 

comments powered by HyperComments