Домой Новости Қоғам бюджеттің ашықтығын қалай бақылай алады

Қоғам бюджеттің ашықтығын қалай бақылай алады

«Zertteu Research Institute» коммерциялық емес ұйымының атқарушы директоры Шолпан Әйтенова қоғам мемлекет бюджетінің ашықтығын қалай бақылай алатындығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Мемлекеттік бюджетті түсіну өте қиын деген таным-түсінік бар. Әсіресе, қаржылық білімі жоқ адамдар расында да, бюджеттің қыр-сырын біле бермеуі мүмкін. Алайда бюджет әрбір салық төлеушіге, әрбір азаматқа түсінікті әрі ашық болуы керек деген нық пікірдемін. Әлемдік тәжірибеде азаматтық бюджет деген түсінік бар. Ол нені білдіреді? Ол бюджет қыр-сырының адамдарға түсінікті тілде жеткізілген форматы. 2011 жылдан бері міне, осы түсініктің Қазақстанда пайда болуына күш салып келеміз. 2018 жылғы бюджеттік кодексте осы түсінік заңнамалық тұрғыда еніп, барлық министрліктер мен әкімдіктер азаматтық бюджетті жариялауға міндеттелді», — дейді Шолпан Әйтенова Астанада өтіп жатқан VІІІ Азаматтық форумда. Оның айтуына қарағанда, азаматтық бюджет Қазақстандағы әрбір салық төлеушіге түсінікті болуы тиіс. «Бюджеттің ашықтығына қалай ықпал ете аламыз? Біз өзіміздің әлсіз жерімізді анықтап, белгілі бір шешімдерді ұсынуымыз мүмкін. Бірақ ол үшін бюджетті түсіне білу керек. Біз тілшілерді, азаматтық белсенділерді, зерттеушілерді жинап алып, бюджеттің қалай құрылатынын, ол қалай жұмсалатынын үйретеміз. Мәселен, павлодарлық журналист Мая (Бекбаева) биыл мекенжай бойынша көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек берудің жаңа механизмін зерттеді. Мая нені анықтады: тілші көпбалалы отбасылардың бірінде балалардың бірі мүгедек болса оларға қандай жәрдемақы берілуі керектігін зерттеп шықты. Ақырында, біздің зерттеуіміздің қорытындысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне кеңес жолданып, мүгедек баласы бар көп отбасылар мекен-жай бойынша әлеуметтік көмек ала алатыны белгілі болды», — дейді ол. Шолпан Әйтенова сол секілді астаналық Мақсұт деген жігіт «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын зерттеп шыққанын айтып өтті. Мақсұт өз зерттеуінде ЖОО бітіргенімен, жұмыссыз жүрген жастар Жұмыспен қамту орталықтарынан уақытша айлық алып отыруына және компанияларда тәжірибе алуға құқылы екенін анықтаған. Алайда бұл ақпарат Жұмыспен қамту орталығының сайтында тапшы болып отырған көрінеді. «Қуаныш есімді әріптесім футболды зерттеді. Соңғы бес жылда бюджеттен футбол клубтарын қаржыландыру үшін 100 млрд теңге жұмсалғанын білесіздер ме? Ол — сіз бен біздің салықтан түскен қаражат. Міне, осы ақшаны инфрақұрымды, балалар футболын дамытуға жұмсамасқа? Дәл осы тәжірибесін Исландия қолданып, әлемдік футбол лигасының отыздығына енген», — дейді Шолпан Әйтенова. Еске сала кетсек, Астанада VІІІ Азаматтық форум өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен өтетін ауқымды шара екі күнге созылады.

https://www.inform.kz/kz/kogam-byudzhettin-ashyktygyn-kalay-bakylay-alady_a3467074

 

comments powered by HyperComments