Домой Новости Жақып Асанов судьяларға жиі айтылатын шағымды атады

Жақып Асанов судьяларға жиі айтылатын шағымды атады

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Қазақстандағы сот төрелігіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Асанов Президенттің жыл соңына дейін халықтың сотқа деген сенімін арттыру мақсатында бірнеше шара қолдануын тапсырғанын айтып өтті. Оның айтуынша, Жоғарғы соттағылар жыл соңына дейін шешілуі тиіс бес мәселені анықтады: төреліктегі кадрлар сапасы, тәуелсіздік, жауапкершілік, ашықтық және соттарды қаржыландыру. Осы ретте сот төрағасы мемлекеттік органдағылардан барлық сот инстанциясынан өту процесінен бас тартуды сұрады. «Өзіңіздікің дұрыс деп санасаңыз, соңына дейін бару керек. Бірақ сіздің қателік жібергеніңіз анық болып тұрса, әрі қарай соттасудың қажеті не? Өзіңізге де, сотқа да жұмыс тауып беріп отырсыздар, соған қанша қаражаттың жұмсалатынын білмейсіздер. (…) Мемлекеттік орган өкілдері өздері арасында, тіпті өңірлік органдағылармен соттасып жатады. Көп жағдайда мұндай дауларды жоғары құрылымдағы өкілдер шешеді. Осыған байланысты мемлекеттік органдағылардан соттың көмегінсіз келісімге келулерін сұраймыз», — деп үндеу жасады Асанов. Сондай-ақ, Жоғарғы сот төрағасы судьяларға жиі айтылатын шағымға тоқталды. «Судьяларға жиі айтылатын шағымдар мен сұрақтардың бірі «Неліктен жағдайдың мән-жайын толықтай анықтап алмадыңыз?». Азаматтық процестік кодекске сәйкес, судья өзінің бастамасымен даудың барлық мән-жайын зерттей алмайды. Бір тарап шағымын дұрыс жеткізбесе, судья оған қалай дұрыс айту керектігі жайлы кеңес бере алмайды. Әділ шешім қаласақ, судьяға істің мән-жайын зерттеп, даудың қайдан шыққанын анықтауға құқық беруіміз тиіс. Себебі бүгінде судьялар тараптар берген түсініктердің аясында ғана жұмыс істейді. (…)», — деді Асанов.
Толығырақ: https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/jakyip-asanov-sudyalarga-ji-aytyilatyin-shagyimdyi-atadyi-292675/

comments powered by HyperComments