Домой Новости Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан жігітке қатысты жаңа дерек шықты

Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан жігітке қатысты жаңа дерек шықты

Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне жұдырық ала жүгірген 28 жастағы түрік азаматы туралы жаңа деректер пайда болды. Темір тұлпарын 4 ай бұрын сатып алған Али Демир осы уақытта дейін бірнеше рет жол ережесін өрескел бұзып үлгерген деп хабрлайды Алматы арнасы.

Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан жігітке қатысты жаңа дерек шықты

Жұдырық астында қалған жедел жәрдем жүргізушісі. Фото: kstnews.kz

«Кешегі жаға ұстатарлық оқиғадан кейін маза жоқ» деген Озкылычтар отбасы әлеуметтік желіге әлдекімдер көліктің иесі туралы бар ақпаратты жүктеп жібергенін алға тартты.

Онда Айгүл Озкылыч туралы бар мәлімет көрсетіліпті. Ал содан кейін отбасыға бірнеше адам хабарласып, сес көрсетіп, қорқытқан көрінеді. Бұған шыдамаған олар бүгін бар шындықты жайып салды.

Айтуларынша, Али Демир отағасының бизнестегі әріптесі екен. Көлікті сатып алғанымен, Қазақстан азаматтығы жоқ жігіт құжатты 4 айдан бері рәсімдей алмай жүрген.

«Мен оған саттым. Толық ақшасын төледі. Көлікті тіркеуден шығарып береміз деген. Бірақ әйелі екіқабат болғанда ауруханаға түсіп, көлік тіркеуден шығарылмай қалған. Әйелі босанғаннан кейін де көлікті тіркеуден шығарып әйелінің атына бере алмадық. Жай ғана сенімхатпен, сақтандыру куәлігінде аты-жөнін жаздырып, көлікті бере салдық», – деді Эркан Озкылыч.

Үш баласы бар отбасы жеке деректі желіге таратқандарды жауапқа тартқызбақшы. Тіпті, арыз да жазып қойған.

Олар темір тұлпарды Али Демирге сатқалы бері келеңсіздік көп болып жатқанын айтады. Сөздерінше, жұдырық ала жүгірген жігіт жиі жол ережесін бұзады екен.

Шілде айында шамамен, 7 рет айыппұл алыпты. Оның қатарында жылдамдықты шамадан тыс асырып, бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін айыппұл да келген.

Ал заңгер Асқар Қаймақов жедел жәрдем бригадасына өздерін қорғайтын құрал-жабдықтар берілсе деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ, жұмысқа физикалық тұрғыдан дайындығы бар қызметкерлер алынса дейді.

Еске сала кетейік, кеше дабыл белгісін қосып, науқас әкеле жатқан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылған болатын. Жеңіл көлікті тақымдаған жүргізуші жол бойы 2 рет жедел жәрдемнің алдын кес-кестеп, жол бермеген.

Онысымен қоймай ашуға мініп, жедел жәрдемнің жүргізушісіне жолдың қақ ортасында жұдырық ала жөнелген. Желіге тараған видеода жас жігіттің Николай Кучманың жағасына жармасып, көліктен түсіріп алғаны анық көрініп тұр. Соққыдан жедел жәрдем жүргізушісінің қабағы жарылып, бірнеше жерінен жарақат алған еді.

comments powered by HyperComments