Домой Новости «Орыстар құран оқытып, ас береді»: Түркістан облысындағы ерекше ауыл туралы не білеміз?

«Орыстар құран оқытып, ас береді»: Түркістан облысындағы ерекше ауыл туралы не білеміз?

Түркістан облысында шалғайда орналасқан шағын ғана ауылда небәрі 800-ге жуық тұрғын бар. Тұрмыстық проблемаларды шешуде құзырлы органдардың көмегіне жүгіне бермейтін халық жылына міндетті түрде кеміне екі рет ас береді. Жағдайымызға шүкіршілік етеміз деген олар ешкімге өкпеміз жоқ деп отыр. Бұл туралы тұрғындар өңірдегі NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

ваипукпе

Тайқоңыр ауылы. Фото: NUR.KZ

Созақ ауданындағы Тайқоңыр елдімекенінде орташа жалақы 150-170 мың теңгені құрайды. Төрт ірі кәсіпорын орналасқан ауылымызда жұмыссыздық мәселесі жоқ дейді тұрғындар.

Мұндағы халық қазақ, орыс, неміс, украин, татар, түрік және тағы да өзге жалпы саны 16 ұлттың өкілдері. Жергілікті ауыл халқы «ұлтымыз, дініміз бөлек болғанымен, бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз», — деп мақтаныштарын жасыра алмады.

«Ауылымыз аудан орталығы Шолаққорғаннан 300 км қашықтықта орналасқан. Ал ауылдық әкімшілігіміз 160 шақырымдық жерде. Біз тұрмыстық мәселелерді өзара шешеміз.

Қандай да бір жанжал не төбелес орын алып қалса, сонау жерден учаскелік полицей шақыртпай-ақ ауылдың сыйлы азаматтары өздері шешеді.

Мәселен, біздегі «Волковгеология» кәсіпорнының басшысы Айдын Борашев ауылымыздың «әкімі» де, «судьясы», тіпті демеушіміз де.

Тұрғындарға үнемі қаржылай демеушілік танытып отырады. Ауыл халқының 80 пайызы осы мекемеде жұмыс істейді», — деп әңгімесін бастаған Маргарита Жарасова Тайқоңырды мекен еткен халықтың басым көпшілігі мұсылман екенін алға тартты.

ваипукпе

Маргарита Жарасова. Фото: NUR.KZ

Жылына бұл ауылда міндетті түрде кемінде екі рет ас беріліп, құран оқытылады. Кететін шығынды ауыл халқының өздері көтереді. Бір қызығы «мен мұсылман емеспін, құранға қатыспаймын» дейтіндер жоқ екен.

«Қайта керісінше, бізде көп жағдайда орыс ұлтының азаматтары «құран оқытайық, қаншадан жинаймыз», — деп ауылдың үлкендеріне келіп жатады. Түрлі іс-шаралардың басы-қасында өзім жүремін. Қандай жиын-той өтсін, бәріміз бірге атсалысамыз», — дейді Маргарита апай.

ваипукпе

Фото: NUR.KZ

Сондай-ақ, ол қандай да бір отбасы қиын жағдайға тап болса, бүкіл ауыл материалдық және моральдық тұрғыда болсын, көмегін аямайды деп отыр.

«Жақында бізде мектепте мұғалім болып істейтін бір жігітіміз инсульт алды. Күллі ауыл болып ақша жинап, емдетіп алдық.

Тағы бір жағдай, бір кішкентай оқушы қызымызда бас миының ісігі анықталды. Оған да бәріміз ақша жинадық. Кәсіпорын басшылығы алты мың доллар ақша берді.

Бірақ өкініштісі, қызымыз ұшаққа мінер сәтте қайтыс болды. Аман алып қала алмадық», — деп өткен күнді еске алған тұрғынның сөзін жалғаған Елена Задорожная көршісінің сөзін растады.

ваипукпе

Елена Задорожная. Фото: NUR.KZ

«Бізде ұлтқа, дінге бөліну деген жоқ. Тату өмір сүріп жатырмыз. Осындай ауылдың тұрғыны болғаныма қуаныштымын.

Қазақтың Наурызы мен Айт мерекесін бәріміз тағатсыздана күтеміз. Ол кезде бізде ұлан-асыр той болады. 

Тағы бір ерекшелік, біздің ауылда мынау бөтеннің үйі немесе туысым емес деген ұғым жоқ. Кез келгеннің үйге кіріп, шай ішіп, емен-жарқын әңгіме айтып жүре береміз.

Бұл ауыл халқының бауырмашылдығында деп ойлаймын. Мәселен, менің қызым қазақ жігітіне тұрмысқа шықты, немерем қазақ», — деді Елена Задорожная.

ваипукпе

Фото: NUR.KZ

Ауыл арасында өлім-жітім көбейіп кетсе, тұрғындар ортадан ақша жинап, үлкен ас береді екен.

«Кей жылдары ажал көбейіп кеткен кездер болды, өкінішке орай. Сондай кезде көбіне дәл осы орыс азаматтары мал сойып, құран оқытайық деп бастама көтереді. Кейде халық болып, тасаттық береміз», — деген Маргарита Жарасова бір жарым жыл бұрын тұрғындар өздері асарлатып үлкен мешіт салғанын да жеткізді.

Тайқоңырда медициналық стационар болғанымен, перзентхана деген әзірге жоқ. Орталықтағы перзетхана дәрігерлері әйелдерге жүктілік мерзімі жеті айға жеткен соң ауылдан уақытша кетіп, орталыққа жақын жерде болуына кеңес береді.

Бірақ, отбасын тастап кеткісі келмейтіндер айы мен күні келіп, перзентханаға жетемін дегенше кейде жолда босанып та қалатын жайттар орын алып тұратын көрінеді.

«Жолдыбай» есімді балалар көптеп дүниеге келіп жатыр дейді тұрғындар. Ал кей жағдайда тәжірибесі бар аналар келіндерді үйде босандырып алады екен.

ваипукпе

Фото: NUR.KZ

«Ауылда басты тыныштық бар. Жастарымыз мешітке, спорт залына барады. Меніңше халықтың ынтымағы ауылдың шалғайда орналасуымен де байланысты секілді. Алыста орналасқан біз тура бір үйдің балаларындай тату-тәтті тұрып жатырмыз. Тұрғындар үнемі бір-біріне қамқор болып жүреді», — деді Тайқоңырдың басты кеңесшісі атанып кеткен Айдын Борашев.

comments powered by HyperComments