Домой Новости Түркістан облысында төрт баласын күйеуіне тастап кеткен көкек ана жұртты шошытты

Түркістан облысында төрт баласын күйеуіне тастап кеткен көкек ана жұртты шошытты

Түркістан облысында төрт баласын анасы тастап кетті. Ананың аялы алақаны мен мейіріміне қанбай қалған балалардың үлкені 13 те болса, кішісі биыл мектеп табалдырығын аттайды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Кенжесі, тіпті ең жақын адамының есімі мен түр тұлғасын танымайды. Анасы үйден кеткенде екіге толмаған сəби болатын.

Төрт перзентін тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, ата-аналық махаббатқа бөлесем деген жалғызбасты əке Серікбай үйінің түтінін түзу шығарсам деп тынбайтындығын айтады.

Серікбай 29 жасында өзбекстандық 19 жастағы аруға ғашық болып, көңіл қосып, құдаласып, шаңырақ көтереді. Басында барлығы да тым жақсы еді деп еске алады бүгінде шаңырағының шырқы кеткен отағасы.

«Əйеліммен Ташкент қаласында танысқанмын. Мен 1974 жылы туғанмын. Əйелім 1984 жылғы. Он жыл отастық. Барлығы əйелімнің жұмысқа тұрған кезінен басталды. Қалада жұмысқа орналасты. Кезекшілік деп түнде жұмыста қалып кететін болды. Сөйтіп-сөйтіп екі-үш күндеп үйге келмейтінді шығарды.

Кейін, тіпті келмей қойды. Төрт баламмен тастады да кетті. Жұрттар төрт баламен жарайсың деп айтады маған. Балалар менің қолыма қарап отыр, «папалап» шырылдағанда қатайып кетесің», — дейді Серікбай.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Балалардың үлкені 13 жаста. Аналарынан тірідей айырылған бауырларына бас-көз болып, қамқор болып, тамағын дайындап отырады. Əкесі жұмыста болғанда үйді жинап, ас-суды қамдап қояды.

Ертерек есейген жасөспірім қыздың сабақ үлгерімі өте жақсы, болашақта дəрігер болуды армандайтынын айтады. Соңынан ерген сіңлісі екеуі қос інісін қорғаштап жүреді. Армандары асқақ қыздар аналары туралы айтқанды ұната бермейді.

«Əкем маған барлығын үйретіп жүреді. Өзім қамыр ашытып, нан жабамын. Нан сатып алмаймыз. Сабағымды үздік оқимын. Бізге анда-санда əкемнің ағайындары көмектесіп тұрады. Ара кідік интернатқа анам келіп тұрады. Сабағымды сұрайды. Бұрын кішкентай кезімде мамамды жақсы көріп едім. Қазір бізге тек папамыз керек. Маманың орнына қарайды. Папамызбен тұра береміз», — дейді үлкен қызы.

«Мамам бұрын құлағымды тестіріп, сырға тағып берген. Қазір мамамды іздемеймін. Керек емес бізге мама!», — дейді 11 жасар қызы.

Жалғызбасты көпбалалы əке ешқандай мемлекеттік əлеуметтік көмек алмайды. Тіпті төрт балаға тағайындалған 18 жасқа дейінгі жəрдемақысын бұрынғы əйелі алып отыр екен.

Өйткені соның атына рəсімделген. Өздері Қайнар ауылында тұрып, Шымкент қаласында тіркеуде болғандықтан, əлеуметтік көмектің барлығынан қағылып отырғанын айтады.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Серікбай Төреханов балаларының аузынан жырып алып отырған жəрдемақыны əйелінен өз атына ауыстырмаққа, қазіргі тұрғылықты жеріне тіркеуге тұрмаққа құжаттар жинап біраз сандалғанын да айтады.

Тіпті «Нұр Отаннан» көмек те сұраған. Ары-бері шапқылаудан шаршаған ол бүгінде тұрақты жұмыс орнын тапқан. Азын-аулақ нəпақасына балаларын бірсыпыра мектепке дайындап шықты.

Мемлекеттік əлеуметтік төлемдерден қағылып отырған Төреханов тапқан табысын төрт перзентінің ас-ауқат, киім-кешегіне жеткізе алмайтындығын жасыра алмайды. Үшінші перзенті, ұлының денсаулығында кінəрат бар көрінеді. Төртінші сыныпқа баратын бала сөзге сараң.

«Кішкентайында көбірек ауырғыш болды. Жиі діріл басатын. Содан тілінің мүкісі пайда болды. Кекештеніп сөйлейді. Ауруханада біраз емделді. Əлі де ем қажет. Ауруына байланысты жəрдемақыға құжаттар дайындап жүгіріп едім, ол да болмады», — дейді алаңдаулы əкесі.

Төрт перзентін тағдыр тәлкегіне тастаған көкек ананы тауып əңгімеге тарттық. Ол да өз шындығын жайып салды.

«Таңның атысы, күннің батысы отбасым, балаларым деп шарқ ұрдым. Күйеуім салынып ішті. Ішіп алып, қол көтеріп, зорлық көрсететін. Жатып алып, іше берген соң балаларымды асыраймын деп жұмысқа шықтым. Түскі, кешкі асты дайындап, таңнан тұрып, тыпырлайтын едім.

Қадірімді білген жоқ. Əкесі жақсы адам. Қайын атам жолыма ақша беріп, жағдайымды сұрап, жылы сөзін аямайтын. Күйеуім болса, жұмыстан келген соң орынсыз тиісіп, балалардың көзінше талай зорлық көрсеткен. Шыдай алмай безіп кеттім», — дейді ол.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

44 жастағы Серікбай бұрын араққа салынғанын жасырмайды. Балалары үшін, болашақ үшін арақтан алыстағанын айтады.

«Əйеліммен заңды түрде ажырастым. Басқа біреуден тағы да бала тапқанын естідім. Қайтып қосылу жоқ енді. Балалар шешелеріне барғысы келмейді«, — дейді ол.

Ағайын-туыс, көрші-қолаң аналарынан тірідей айырылып қалған жəутеңкөз балаларға алаңдап, арасында көмек қолын созады екен.

«Келініміз келгенде өте тамаша келін еді. Қазақы салт-дəстүрдің барлығын ұстанатын. Бар кінə балада болды ғой басында. Күнде ішіп алып, әйелімен ұрсысады. Ішпеймін деп уəде береді. Көкем оған шыдай алмай, қарттар үйіне кетіп қалды. Ол жақта жатып алып та осылардың қамын ойлап жатады.

Шешелері тастап кеткен соң балалар қатты қиналды. Балалар үйіне өткізіп жібер дегендер де көп болды. Ағайындар қарсы болдық. Сауап айларда ағайын, көрші-қолаң жиналып, көмегімізді аямаймыз. Əйелі барда нашар еді бұл бала. Əйелі кеткен соң басына тиіп, балаларына еге боп отыр. Балажан өте», — дейді көрші ағайыны Жанұзақ Сəуірбайұлы.

comments powered by HyperComments