Домой Клипы Отандық блогер Абайдың ауылына апаратын жолды көріп, шенеуніктерді қарғап тастады

Отандық блогер Абайдың ауылына апаратын жолды көріп, шенеуніктерді қарғап тастады

Танымал отандық блогер Динара Болат еліміздегі тасжолдардың тозығы жетіп отырғанын айтып, өз наразылығын білдірді. Астанадан Семейге жол тартқан блогер Абайдың ауылына апаратын жолдың адам шошырлық жағдайда екенін айтты. Ашуға мінген ол талай қазақ әйелдерінің денсаулығын құртып, түсік тастауына себеп болған жолдарды жөндеуге құлықсыз шенеуніктерді қарғап тастады деп жазады NUR.KZ.

Динара Болат өзінің Instagram желісінде айта-айта жауыр болған тақырыпты көтере отырып, шенеуніктерге ашуланды.

«Негізі таңертең позитивті пост саламын деп жоспарлағам. Бірақ, ұйықтай алмаған соң ашынғаннан таңғы 7.36-да қолыма қалам алып отырмын. Пойызға билетіміз дұрыс болмай Астанадан Семейге, соның ішінде Абайдың ауылына шықтық. Басында көлік жүргізушісі жолдың нашарлығынан шамамен түнгі 2-3 те жетеміз деген. Біз әлі келе жатырмыз. Жолдың бүкіл ішек құрылысыңды жұлып алатындай шоқалақтығымен менде бүйрек қалды ма білмейм, соны уайымдап келе жатырмын.

Бірнеше құрлықты көрген саяxатшы ретінде айтайын жағдайы ең нашар деген Африканың жолдары мына біздікілерден анағұрлым тәуір. Өткенде Сәкен Майғазиев жол туралы жазғанда түрлі аймақтардан оқырмандары өздеріндегі тура сондай жағдайды айтып зар қағып еді. Ұлы Абай туып өскен тариxи жерге жол 20 км/сағ жылдамдықтан астырмайтын жағдайда болған соң не сұрайсыз. Досым айтқандай бұл жол тура динозаврлардың ауыр ізінен кейін тегістелмегендей.

Мен ешқашан ауыр сөз айтып қарғамайтын едім. Алайда, талай шенеунік бәйбішесін, тоқалын, шолжаңдаған қыздары мен ұлдарын xалықтың ақшасына үлде мен бүлдеге орап тойдыра алмай жатқанда сіздердің кесірлеріңізден қаншама қазақ әйелі осындай жолдарда түсік тастап, талай қазақ дер кезінде ауруxанаға жете алмай жан тапсырып жатқандығы үшін қарғыс атсын сіздерді!

Бір келіп кететін біздер ештеңе емес. Осындай жолы ойран жерлерде тұратын xалыққа обал. Осы инстаграмда күнде көйлек ауыстырып, бейкүнә періште кейпіндегі xанымдар мен тоқалдар, арандарың қашан тояр екен. Әй, тексіздер-ай», — деп жазды ол.

Оның бұл жазбасы оның оқырмандарын да бей-жай қалдырмады. Тіпті кейбіреулер жолдың кесірінен денсаулығына зақым келгенін де жасырмады.

«Семейге тоқтайсыңдар ма? Жол шынымен жаман. Қай-қайсысы да. Астанаға Семейден бір рет барып (билет табылмай), күйеуіміз екеуміз миымыз шайқалған»,

«Бар әлем ТаджМаxалға барып зиярат жасайды, жоғарыда айтқандай Қозы мен Баян кесенесі ен далада жетімсіреп тұр! Отандық туризмнің иісі де жоқ? Өкінішті-ақ», — деп жазды олар.

comments powered by HyperComments