Домой Новости Алматыда көлік айнасын ұрламақ болған ұрылар жүргізушіге пышақ ала жүгірген

Алматыда көлік айнасын ұрламақ болған ұрылар жүргізушіге пышақ ала жүгірген

Алматы тұрғыны өз басынан өткен жантүршігерлік оқиғасымен бөлісті. 37 жастағы азамат қылмыс үстінен түскенде көлік ұрылары өзіне пышақ ала жөнелгені туралы айтып берді. Алайда, көліктен гөрі өмірі қымбат болған ер адам оларға ұрлығын жалғастыруға рұқсат беруден басқа амалы қалмаған деп жазады NUR.KZ.

Фото: kokshetau-asia.kz

Фото: kokshetau-asia.kz

Ер азаматтың айтуынша, оқиға өткен жылы орын алған. Таңғы уақытта ол көлігіне ұрылардың түсіп жатқанын байқап, оларды қорқытпақ болады. Алайда, бұзақылар көлік иесінің сөзін елемей, оған пышақ ала жөнеліп қоқан-лоққы көрсетуге ниеттенген.

«Әдетте, қылмысын әшкере еткенде адам қаша жөнелуші еді. Олар болса, қолдағы пышақтарымен маған қарай беттеді. Шошып кеттім. Олар екеу, мен болсам жалғыз. Таңғы уақытта маған кім көмектеседі? Көшеде бір тірі жан жоқ.

Бірден балаларымды ойладым. Қарсы шықсам олардың екі қызымды әкесіз қалдырмақ ойлары бар. Сол себепті, жігіттерге бала-шағалы екенімді айтып, алатындарын алып кетулеріне рұқсат беруге мәжбүр болдым», — деп айтты ол.

Нәтижесінде, келісілгендей көлік ұрылары айнадан түк қалдырмай алып кеткен.

«Көліктің саймандары маған ол уақытта дым маңызды болмады. Темірді де, айнаны да ауыстыруға болады», — деді Алматы тұрғыны.

Ер адамның айтуынша, Денис Теннің оқиғасынан кейін бұл мәселе дұрыстала бастады. Көлік ұрыларының батыл түрде қылмысын іске асырмауына қандайда бір шаралардың жасалып жатқаны ер адамды қуантқан.

Ол танымал спортшының ұрыларды өзі секілді жібере салғанында бәрі басқаша болар ма еді деп болжады.

Ең қызығы оқиғадан кейін айнасын бірнеше мәрте ауыстырған азамат, біраз уақыттан соң көлік базарынан дәл сол ұрланған өз айнасына тап болған.

«Бұл оқиғада ең қызықты сәті осы болар. Ұрланған айнамды уақыт өте өзім сатып алдым. Сырылған жерлерінен айнаның менікі екенін аңғардым. Бірақ оны қалай дәлелдейсің? Сатушы болса мойындамады. Сатып алудан басқа амал болмады» , — деп айтты ер адам.

Көлік ұрыларымен бетпе-бет кездескен адам олардың ештеңеден қорықпай, алған бетінен тайынбас екендеріне көзі жеткен. Ол болашақта, бұл мәселенің түпкілікті шешімін табарына үмітті.

comments powered by HyperComments