Домой Новости Алаяқтарға ұрынған отандық музыкант 72 миллион теңге қарыз болып қалды

Алаяқтарға ұрынған отандық музыкант 72 миллион теңге қарыз болып қалды

Urker музыкалық тобының жетекшісі Айдос Сағат алаяқтардың алдауына түсіп қалғанын айтты. Таныстары оның жұбайына өз атынан несие алуын өтініп, кейіннен ақшаларын төлемей кеткен екен. Нәтижесінде, Сағаттың отбасы 72 миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған деп хабарлайды «Время» сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: Brod.kz

Фото: Brod.kz

2007 жылы музыканттың әйелі Юлия Хоменко өзінің бұрынғы танысының өтініші бойынша 300 мың долларды несиеге алған. Келіншек кепілдікке Самал-2 ықшам ауданындағы 700 мың долларға бағаланған үй-жайын қойған екен.

Айдостың айтуынша, біраз уақыттан кейін оның атынан сотқа арыз жіберіліпті. Онда несие төлеуші уақытылы ақшаны бермеген жағдайда банк кепілдікте тұрған үйді сатып жіберуге құқылы екені айтылған екен.

Юлияның құрбысы мен оның жұбайы Сағатовтар отбасын барлығын өздері төлейтініне, жарты жылдан соң несиені өздеріне аударатынына сендірген. Ал таныстарының атынан несие рәсімдеумен Бибігүл Бахторазова айналысқан екен.

Несие алып беруді өтінгендер 10 ай бойы ақшаларын уақытылы беріп тұрыпты. Алайда 2013 жылы сот Сағатовқа, Хоменкоға және Бахторазоваға 71 845 397 теңге айыппұл төлету туралы сырттай үкім шығарған екен.

Соттың бұл шешіміне қатты таң қалған жұбайлар осы уақытқа дейін ештеңе білмегендерін айтқан. Әйтсе де, сот құжаттары бойынша екі рет жіберілген сот қағазына ешқандай жауап берілмеген болып шығыпты.

Сондай-ақ, Сағатов кепілдік туралы ешқандай құжатқа қол қоймағанын айтып отыр. Ал қағазда оның жұбайының атынан қойылған жалған қолдар бар екен.

Сағатовтың арызы бойынша жасанды құжат дайындау туралы қылмыстық іс қозғалыпты. Зерттеудің алғашқысы қолды Сағатовтың өзі қойғанын көрсетсе, екіншісі мұны теріске шығарып отыр.

«Бұл жерде бізге сырттай айыппұл бекітіп тастаған сотты да түсіне алмай отырмыз. Біз ешқандай да хабар алмадық. Банк ақпаратты несиелік бюроға тек 2016 жылы ғана ұсынған, ал негізі мұны бір айдан кейін көрсетуі керек еді» , — дейді Айдос.

Сағатов әйелімен бірге өтірік айтпағанын тексеретін детектор құралынан да өтіпті.

Ал бұл істегі үшінші айыппұл төлеуші Бахторазова бұл уақытта басқа да тәртіп бұзған болып шыққан. Ол Қазақстаннан шығуға тыйым салынғанын біле тұра, Қырғызстанға, оның артынша Францияға ұшып кетпек болған.

Сотта Бахторазова жазасын жеңілдетуді сұрапты. Сот оған 1 143 500 теңге айыппұл төлетіп, басқа жазадан босатқан екен. Оның сөзінше, ол мұндай жағдай боларын білмепті.

«Сот шешімін мен электронды пошта арқылы алдым. Бұл жерде мен де Хоменко сияқты жәбірленуші болып тұрмын. Біз Юлиямен бірге банкке барып сөйлесіп, кепілдікті өз еркімізбен бергіміз келген. Алайда банк бұған келіспеді», — дейді Бахторазова.

Осылайша, Сағатов жұбайымен және Бахторазова банкке 72 миллион теңге қарыз болып отыр. Дегенмен әлі де жалғасып жатқан сот ісінде музыкант жазықсыз екенін дәлелдеуі мүмкін.

Бұл ақпаратты көшіру және пайдалану тек «Время» басылымының рұқсатымен жүзеге асады.

comments powered by HyperComments