Домой Новости Жеңіліп көрмеген қазақ боксшысы қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді

Жеңіліп көрмеген қазақ боксшысы қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді

Қазақстандық Айдар Шәрібаев бүгін АҚШ-тың Киссими қаласында кәсіпқой бокстағы өзінің жетінші жекпе-жегін өткізіп, бұл жолы да қарсыласын нокаутпен жеңді. Оның алдында екі рет нокдаунға түсіріп үлгерді деп хабарлайды Vesti.kz.

Жеңіліп көрмеген қазақ боксшысы қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірдіАЙДАР ШӘРІБАЕВ. ФОТО: DIAMONDRING.KZ

Қарсыласы – колумбиялық 31 жастағы Даулис Прескотт. Өте тәжірибелі боксшы кәсіпқой шаршы алаңда 2006 жылдан бері жүр. Содан бері 36 айқас өткізіп, 31-інде жеңіске жеткен. Оның 23-інде қарсыластарын нокаутқа түсірген.

Оның қасында Айдардың өткізген айқастары аздау. 2014 жылдан бері алты рет кәсіпқой шаршы алаңға шыққан ол бәрін жеңіп, бесеуінде жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Бірінші минутта-ақ Айдардың толассыз соққыларының бірінен нокдаун алған Прескотт есін жоғалтып алғандай көрінген. Алайда, төреші сегізге дейін санағанша ес жиып үлгерді. Мұнымен тоқтамаған Айдар қарсыласын үсті-үстіне төпелей жөнеліп, тағы бір мәрте сұлатып түсірді.

Бұл жолы да намысқа тырысқан колумбиялық орнынан әзер болса да көтеріліп, жекпе-жекті жалғастырды. Бірақ, бірінші раундтың соңына қарай Айдардың кезекті шабуылдарынан кейін бас көтере алмай қалған колумбиялық жерлесіміздің оң қолмен бауырдан ұрған соққысынан кейін бүктеле құлап, тек дәрігелерлердің сүйемелдеуінен кейін ғана рингктен шығып кетті. Осылайша сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды.

«Өте қуаныштымын. Бұл жекпе-жекті ұзақ күттім. Қарсыласым да оңай шағылар жаңғақ емес екен. Тәжірибелі боксшы. Бірақ, қазақ бокс мектебі бәрібір де өзгелерден шоқтығы биік қой. Мен оны тағы бір мәрте дәлелдедім.

Маған жанкүйер болып, жеңісіме сенген барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Бұл жеңіс сіздерге арналады«, – деді жекпе-жектен кейін ағынан жарылған Айдар Шәрібаев.

Бұл Айдар Шәрібаевтың кәсіпқой шаршы алаңдағы жетінші жекпе-жегі болатын. Боксшы барлығында жеңіске жетіп, алтыншы рет айқасын нокаутпен аяқтады.

Енді Айдар бірер күнде елге оралып, жаттығуын Алматыда жалғастырады. Ал келесі жекпе-жегі келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

comments powered by HyperComments