Домой Новости Қызылордада оқушы қызға «тиісті» деп айыпталған мұғалімді жерлестері қорғамақшы

Қызылордада оқушы қызға «тиісті» деп айыпталған мұғалімді жерлестері қорғамақшы

Қызылорда маңындағы Белкөл кентінде математика пәнінің мұғалімі он жылға бас бостандығынан айырылды. Мектептегі даулы оқиға туралы бұған дейін хабарлаған едік. 6-шы сыныпта оқитын екі қыздың анасы «қыз балаларға азғындық жасамақ болды» деп мұғалімнің үстінен арызданған еді. Бірақ оқушылардың бірі тергеу барысында куәлік етуден бас тартты деп хабарлайды Астана арнасы.

Қызылордада оқушы қызға "тиісті" деп айыпталған мұғалімді жерлестері қорғамақшыҰСТАЗДЫ АЙЫПТАҒАН ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІРІ. КАДР / «АСТАНА»

Адвокаттың айтуынша, сот бұл жағдайды да, өзге оқушылардың куәлігін де назарға алмаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Ал тұрғындар ұстазға араша түсу үшін жоғары жаққа шағымданбақ.

Математика пәнінің мұғалімі Әкпар Исахаев сәуір айында тұтқындалған. Оның тағдырына алаңдаған халық «сот әділ үкім шығарар» деп күткен еді. «Он жылға кесілді» дегенді естіген ауылдықтар тіпті есеңгіреп қалыпты.

«Ұстаздың алдынан кесіп өтпейтін едік. Мынау не деген сұмдық? Білімді мұғалімді біз шеттетіп жатырмыз қазір. Жоғарғы сот әділдікпен қарасын», — дейді ауыл тұрғыны Бақтыгүл Бегайдарова.

11 жастағы оқушы қыз «ұстаз сабақ үстінде денеме қол жүгіртті» деп шағымданған. Алайда сыныптағы өзге 24 бала мұғалімнің ерсі қылығын байқамапты. Қорғаушы мұны сотта дәлелдеуге тырысқанымен, нәтиже болмады. Мұғалімге «кәмелетке толмаған балаға азғындық әрекет жасады» деген баппен айып тағылды.

«Сот шешімі бір ғана жәбірленуші қыздың куәлігімен және сол қыз балаға жүргізілген сот-психологиялық, сот-криминалистикалық сараптамалар негізінде қабылданды. Оқушылар қыз баланың сөзін жоққа шығарған. Математика сабағына бірнеше рет қатысқан сынып жетекшісі де куәлік берген, бірақ бұлардың ешбірін сот назарға алмады», — дейді адвокат Жасұлан Таңатаров.

Мұғалімдер «мұндай күн ертең кез келгеніміздің басымызға келе ме» деп қауіптенеді. Ұстаздың мәртебесі мүлде төмендеп бара жатқанына қынжылған олар мамандықтарын ауыстыруға әзір екендерін жеткізді.

«Бұл қоғамның азғындалуы — деградация ма әлде бізге келешек жастар керек емес пе? Бұл жаланың негізі ойластырылған ба әлде білмей істелген бе — оны мен де түсіне алмаймын. Бірақ енді солай кете беруі керек пе? 55-тегі жігіт он жылдан кейін не болады деп ойлайсыздар? Мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін қоғам болып көтерілу керек», — деп реніш білдірді Белкөл кентінің тұрғыны Советбек Маханов.

Тұрғындардың пайымынша, айыптау үкімі негізсіз дәлелдемелерге құрылған. Әкпар Исахаевқа араша түсуді көздеген белкөлдіктер Жоғарғы сотқа және Бас прокуратураға арыздануға бел буып отыр.

comments powered by HyperComments