Домой Новости Төтенше жайт: Астанадағы мектепте 14 оқушы газға тұншығып, ауруханаға жеткізілді

Төтенше жайт: Астанадағы мектепте 14 оқушы газға тұншығып, ауруханаға жеткізілді

Астанадағы мектепте бір сотқардың кесірінен 14 бала мұғалімімен бірге ауруханаға түсті деп хабарлайды КТК арнасы.

Төтенше жайт: Астанадағы мектепте 14 оқушы газға тұншығып, ауруханаға жеткізілдіКАДР КТК АРНАСЫНАН АЛЫНДЫ

Сол жағалаудың үлгілі оқу орындарының бірінде, жетінші сынып оқушысы үйінен улы газ балонын алып келген. Оны қызық көрген оқушылардың бірі сабақ үстінде басып қалып, сыныптастарын газға тұншықтырған.

«Астана қаласының нөмірі 75-ші мектебінің оқушысы сабаққа бұрышты газ балонын алып келіп, оны қызық көрген сыныптасы абайсызда достары мен ұстазын улап алды», — дейді арна тілшісі.

Ащы газдың шамалы ғана мөлшері сыныпта отырған 27 бала мен мұғалімнің көзін жасауратып, тыныс алуын қиындатқан. Оның бұрышты газ аталуының да себебі осы.

«Толық немесе іші бос па деп тексеремін деп, оны партаның астына сепкен, бір рет қана басқан. Жөтеліп жатқан соң, денсаулығына әсер еткен соң, біз ол балаларды астына түсірдік. Медкабинетіндегі дәрігерлер жедел жәрдемді шақыруға мәжбүр болды», — дейді мектеп директорының орынбасары Қайынжамал Шошанова.

Жедел жәрдеммен кеткен 14 оқушының төртеуі кереуетке таңылған. Олардың қазіргі жағдайы қалыпты, денсаулығына қауіп жоқ дейді дәрігерлер. Қалған он бала бүгін оқуға қайта оралады. Ұстаздың да жағдайы жақсы екен.

Мұғалімдердің айтуынша, оқушы газ балонын анасының сөмкесінен, қорғану үшін алыпты. Оның кімнен қорғанғысы келгені және ата-ананың неліктен қауіпті қаруды бала қолына ұстата салғаны түсініксіз. Полицейлер балонды қасақана қолданған үшін қылмыстық жаза барын айтады. Ал бұл оқиға мектепте орын алғандықтан ойын баласының бұзықтығына жатқызылып, жылы жабылды.

«Бұлар ҚР заңына сәйкес, яғни кейбір қарулардың айналымына мемлекеттік бақылау туралы заңына сәйкес өзін-өзі қорғау құралы болып табылады. Және 18 жастан бастап тіркеусіз алуға болады», — дейді  Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.

Ата-аналар шағым жазбағандықтан, полицейлер мен мектеп әкімшілігі құр түсіндірме жұмыстарын жүргізумен шектелген. Бірақ газ шашқан екі бала мектептік бақылауға алынды.

Бір қызығы, оқиға туралы баллонды бала қолына беріп қойған ананың өзі жар салып, жариялапты. Полицейлер осы оқиғадан кейін мектеп аралап, қарудың ойыншық еместігі туралы дәріс оқуға кірісті. Ал ата-аналарға қауіпті заттарды бала қолы жетпейтін жерге қоюды ескертеді.

Дереккөз: КТК арнасы
comments powered by HyperComments