Домой Новости Төрт баланың анасы қаржы полицейлерінен көрген қорлығын жайып салды (фото)

Төрт баланың анасы қаржы полицейлерінен көрген қорлығын жайып салды (фото)

Қызылорда тұрғыны Жанар Ізбасар мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлерін қорқытып, өзі істемеген қылмысты күшпен мойындатпақшы болды деп айыптап отыр. Бұл туралы жанайқайын Жанар Facebook парақшасында жазған деп хабарлайды NUR.KZ.

Төрт баланың анасы қаржы полицейлерінен көрген қорлығын жайып салды (фото)ЖАНАР ИЗБАСАР. ФОТО: FACEBOOK.COM/ZHANAR.IZBASAR

«Маған көмектесіңіздер. 1 қараша күні мен Қызылорда облыстық кіріс департаментіне бұрынғы ЖШС-де істеген есепші қызметіме байланысты шақыртылдым. Шақыру қағазын Д.Е, әкелді. Мекеменің үшінші қабатында тергеуші Б. осы жылдың 19 қазанында маған қатысты Қылмыстық кодекстің 241 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Сөйтіп, менен бухгалтерлік есеп-қисапты жүргізу барысында заңбұзушылыққа жол бергенімді мойындауды талап етті. Алайда мен заңға сай жұмыс істегендіктен мойындаудан бас тарттым. Осы кезде кабинетке Д.Е. бірнеше рет кіріп, тергеушіден «мойындады ма?» деп сұрады. Тергеуші мойындамағанымды айтты. Соңғы рет жасамаған қылмысымды мойындаудан бас тартқанымда, Д. дөрекі сөйлеп, айқайлап, мойындамайынша, бұл жерден шықпайтынымды айтты.

Тергеуші де кінәмді мойындамайынша, күнде шақыра беретінін мәлімдеді. Ал мен адвокатты талап ете бастап едім, Д. өздерінің адвокаты барын қазір оны шақыратынын айтты. Алайда мен бас тарттым. Сол кезде Д. маған айқайлап, балағат сөздерімен қоса көміп тастайтынын айтып, қорқыта бастады. Мен одан қорқып кетіп, дәлізге шығуға тырыстым. Д. мені қуып жетіп, сол қолымнан қатты жұлқып, мойындауымды талап етті.

Қатты ауырсынып тұрғанымды байқап, жіберуін өтіндім. Алайда ол көпке дейін жібермей, мені қорқытуын жалғастыра берді. Мен жылап отырып, өз құқығымды айттым», — дейді Жанар Ізбасар.

Жанардың сөзінше, кейін мойындата алмайтына көзі жеткен тергеуші оған «куәгер ретінде алынған жартылай толтырылған қағазды беріп»  жібере салған.

«Қолым ауырып тұрды. Күтіп қалған күйеуім не болғанын сұрады. Мен болған жайды айтып бердім. Д.-дан күйеуім «азаматтарға қол көтеруге қандай құқын бар деп» сұрап еді, ол күліп тұрып: «Баратын жеріңе бар, маған ештеңе істей алмайсың» деп жауап қатты», — деп жазады әйел.

Жанардың айтуынша, түнде сол қолы қатты ауырып маза бермеген. Ол бірден қалалық ауруханаға барады. Рентген оның сол жақ бұғанасының сынғанын көрсетеді.

Төрт баланың анасы қаржы полицейлерінен көрген қорлығын жайып салды (фото)ТРАВМАТОЛОГ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН РЕНТГЕН КЕСКІНІ. FACEBOOK.COM/ZHANAR.IZBASAR

«Қазақстан азаматы, төрт баланың анасы ретінде айтарым біздің құқығымызды қорғауы тиіс органдар мен олардың қызметкерлері менін арымды таптап, бұғанамды сындырды. Моральдық және физикалық тұрғыдан қысым көрсетті. Сөйте тұра жауапкершіліктен құтылып кетуі де мүмкін. МКД тергеушісі шешімнің бір айдан соң қабылданатынын айтты. Мен бұны уақытты созу деп қабылдадым. Біз қарапайым адамдар аталған қызметкерлердің жауапқа тартылуына септігін тигізе алатын тек қоғамға ғана үміт арта аламыз. Себебі бұндай жағдай кез-келген адамның басында болуы мүмкін. Маған көмектесіңіздер», — дейді Жанар Ізбасар.

Әйелдің жанайқайын естіген Бас прокуратура осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын мәлімдеді.

«Сіздің арызыңыз бойынша, Қылмыстық кодекстің 146 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жан-жақты әрі объективті тергеу жүретін болады. Бұл іс облыс прокуроры Х.З.Дауешовтің жеке бақылауына алынды», – деп хабардар етті Бас прокурордың көмекшісі Думан Қожахметов.

comments powered by HyperComments