Домой Новости «Түні бойы дәрігер күттік»: Алматы облысында 19 жастағы жүкті жас келін қаза...

«Түні бойы дәрігер күттік»: Алматы облысында 19 жастағы жүкті жас келін қаза болды

Алматы облысы Текелі қаласында 19 жастағы жүкті жас келін көз жұмды. Нәресте тірі қалғанымен, бұғанасы сынып кеткен. Бойжеткеннің жақындары дәрігерлермен соттаспақ. Бұл туралы NUR.KZ порталы «Время» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

"Түні бойы дәрігер күттік": Алматы облысында 19 жастағы жүкті жас келін қаза болдыНӘРЕСТЕ. КӨРНЕКІ ФОТО: PARENTS.RU

Ақжарқын Орынбаеваны бір апта бұрын жер қойнына тапсырған. Жас бойжеткен ұлын дүниеге әкелгеннен кейін бірнеше минуттың ішінде тіл тартпай кетіпті. Ол өмірден озғанда қасында үлкен әпкесі Гүлсім Түребекова болған.

«Ақжарқын қатты қиналды. Оның толғағы ауыр болды. Түні бойы дәрігерді күттік. Дәрігер тек таңғы сегізде келді. Әпкем кесар тілігін жасауды сұрап, жалынған еді. Дәрігер «бәрі дұрыс, өзің босан» деді.

11.15-те ол босанды. Он минуттан соң көзі қарауытып, құлағы бітіп жатқанын айтты. Мәңгілікке кетіп бара жатқанын айтып үлгерді«, — деп көзіне жас алды Гүлсім.

Ақжарқын Орынбаеваның ұлына Бекнұр есімі берілді. Дүниеге келгеніне алты күн ғана болған нәрестенің бұғанасы сынып кеткен екен.

Дәрігерлер бұл жарақатты бірден байқамаған. Бұған баланың әлі күнге дейін бір рет те жыламағаны себеп болуы мүмкін.

«Баланы алып кетпек болғанымызда оның қолы сынғаны анықталды. Дәрігерлер бізден бұны жасырып келген«, — дейді бойжеткеннің енесі Жанар Нұрмұратова.

Қалалық емхананың бас дәрігері нәрестенің сүйектері әлсіз болғанын сынып кетудің себебі ретінде көрсетіп отыр. Дәрігерлер Ақжарқынның жақындарынан кешірім сұрап үлгерген.

Енді арнайы сот-медициналық сараптама бойынша дәрігерлерге шара қолданылмақ. Сол арада бойжеткеннің күйеуі Батырхан Бекмұратов әйеліне кесар тілігін жасатқанда ол аман қалар еді деген пікірін алға тартты.

Кейін белгілі болғандай, әдетте теріс қан тобымен жүкті болған келіншектерді Талдықорғанның емханасына кесар тілігін жасатуға жібереді екен. Алайда гинеколог белгісіз себептермен бойжеткенді ол жаққа жолдауды жөн санамаған.

«Біз гинекологты сотқа беріп, оның одан әрі адамдардың өміріне қауіп төндірмейтіндей жазалануын қалаймыз», — дейді ер адам.

«Время» басылымының рұқсатынсыз ақпаратты көшіріп-басуға болмайды.
comments powered by HyperComments