Домой Новости Соғым 300 мың теңге: Астанада ет бағасы қымбаттап кетті (фото)

Соғым 300 мың теңге: Астанада ет бағасы қымбаттап кетті (фото)

Елордада биылғы күз жылы болғанымен, тұрғындар соғым қамына әлден-ақ кірісіп кеткен. Айтуларынша, күн суыта салысымен ет бағасы да шарықтайды екен. Қазірдің өзінде қаладағы базарларда еттің құны былтырғымен салыстырғанда 10-15%-ға қымбаттап үлгеріпті. NUR.KZ тілшісі Астана базарларының біріне барып, биылғы соғым бағасын бағамдап қайтты.

Соғым 300 мың теңге: Астанада ет бағасы қымбаттап кетті (фото)ФОТО: NUR.KZ

Қаланың қақ ортасында орналасқан «Еуразия» сауда орталығында тұрғындардың қарасы қалың. Елордалықтардың дені бұл базарға азық-түлік пен дәмді ет таңдауға келеді.

Таңсәріден базардан ет алу үшін келген тұрғындардың бірі – Күләш әжей. Қария бірнеше жылдан бері етті тек осы сауда орнынан ғана ғана алатын көрінеді.

«Биыл күн жылы болып тұр. Әйтпесе, былтырлары осы уақытта соғымымызды сатып алған едік. Үш-төрт жылдай болған шығар, етті тек осы жерден сатып аламын. Себебі, дәмді әрі бағасы да қолжетімді. Сондай-ақ, еттің сақталуына да барлық жағдайлар жасалған. Қазір жақсы ет табылып жатса, соғымға тапсырыс бере беру керек. Кейін күн суыта салысымен, жаңа жылға таман бұлардың бағасы аспандап кетеді. Сондықтан, қазірден бастап қамданған абзал. Қазақпыз ғой, етсіз отыра алмаймыз», — деп күлді қария.

Соғым 300 мың теңге: Астанада ет бағасы қымбаттап кетті (фото)ФОТО: NUR.KZ

Базардағы ет бағаларын бағамдағанымызда сиыр етінің – 1800-2200 теңге аралығында, ал жылқы етінің бағасы – 2200 теңгеден жоғары екенін байқадық. Сонымен бірге, саудагерлер бір табаққа қажет етті де өлшеп сататын көрінеді. Мұндай табақтың құны – 2000 теңге. Оған қазы, бір жілік және аздаған қара кесек ет енеді екен.

Ал, қазының килограмы – 2800 теңгеден болса, шұжықты – 2500 теңгеден табуға болады. Бұл баға былтырғымен салыстырғанда 10-15%- ға жоғары дейді базар сатушылары.

Соғым 300 мың теңге: Астанада ет бағасы қымбаттап кетті (фото)ФОТО: NUR.KZ

«Мен осы базарда 18 жылдан бері сиыр етін сатып келемін. Етті осы маңайдағы шаруа қожалықтарынан аламыз. Мысалы, Көкшетау, Ерейментау, Петропавл қалаларының шаруаларынан аламыз. Ал бүгінгі ет Ерейментау өңірінікі. Бағасына келер болсам, шаруалардан – 1400 теңгеге, мына жерде – 1800 теңгеден сатамыз. Былтыр 1600 теңгеден сатқанбыз.

Бір қызығы, бәрі қымбаттаса да, ет қымбаттамайды. Бізді қойшы, ауылдағы шаруаларды аяйсың. Орталық, солтүстік, шығыс өңіріндегі халықтың басты табыс көзі – мал ғой. Оны бағып-қағу да оңай емес. Кейде ет көп болатыны соншалық, ауылдағылар мал еттерін су тегінге сатып жатады. Сатпайын десе, еттің тез бүлінетіні тағы бар.

Соғым 300 мың теңге: Астанада ет бағасы қымбаттап кетті (фото)ФОТО: NUR.KZ

Ал,соғымға келер болсақ, егер тушасымен сатып алатын болса, бір сиырдың еті шамамен – 300 мың теңгедей болады. Ал, жылқы одан да қымбат болуы керек.Себебі, оның қазысы, қартасы, жал мен жаясы тағы бар», — деп сөзін түйіндеді елордалық Назира Есмағамбетова есімді саудагер.

comments powered by HyperComments