Домой Новости Нью-Йоркте сегіз адамды көлігімен басып өлтірген лаңкеске қатысты жаңа деректер шықты

Нью-Йоркте сегіз адамды көлігімен басып өлтірген лаңкеске қатысты жаңа деректер шықты

Нью-Йорктегі лаңкестің «Ислам мемлекеті» ұйымына мүлдем қатысы болмауы мүмкін. Америкалық мамандар өзбекстандықтың әрекетіне қарап, жүйке ауруына шалдыққан, жалғызбасты қаскөй дегенге тоқтап отыр. Бұл туралы КТКарнасы хабарлады.

Нью-Йоркте сегіз адамды көлігімен басып өлтірген лаңкеске қатысты жаңа деректер шықты

Сайфулло Саиповтың неліктен бұндай қадамға барғанын білу үшін тергеушілер есін жиғанын күтіп отыр. Америкадағы жерлестері оны «мейірімді, ұстамды» деп еске алады. Сондықтан ауыр көлікпен адамдарды тірідей басып өлтірген лаңкестің қылмысы тергеушілер үшін жұмбақ болып тұр.

АҚШ президенті Дональд Трамп ә дегеннен Саиповты ауру адам десе, Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио «жортуылға жалғыз шыққан бөрі» деп, оның ДАИШ террорлық ұйымына қатысы жоқтығын меңзеді.

Қанды қырғын мектептің дәл жанында болған. Велосипедшілерді басып өтіп барып, жүк көлігі балалар таситын автобусқа соғылып тоқтапты. Лаңкес мінген көліктен хат та табылған. Онда «бұл терорлық акт Ислам мемлекеті ұйымы үшін» деп жазылған.

29 жастағы қаскөйдің Сайфулло Саипов деген Өзбекстан азаматы екені белгілі. Грин-картаны лотореядан ұтып алған ол 2010 жылы Америкаға көшкен екен. Жалғызбасты жігіт такси жүргізушісі болып істеген.

«Лаңкесті өз көзімізбен көрдік. Көлігінен түк қалмады. Қара түсті киім киген, қауға сақалы бар. Қолында қаруы болды. Қатты шошып кеттік. Сосын бізге біреулер қашыңдар деді», — деп еске алды Джози Лис есімді оқиға куәгері.

Қантөгіс АҚШ-та кең көлемде аталып өтетін хэллоуин мерекесі қарсаңында болды. Сондықтан қала әкімшілігі сақтық шараларын күшейтіп, күдіктілерді тексеріп жатыр. Ал біздің дипломаттар Нью-Йоркте қазақстандықтар көп екенін айтады.

«Соңғы мәлімет бойынша қаза тапқандардың және зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Біздің Нью-Йорктағы дипломаттарымыз осы ахуалды бақылауды жалғастыруда», — деп мәлімдеді СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов.

Манхэттендік лаңкестің оқиғасы — АҚШ тарихында көлік қолданумен жасалған алғашқы террорлық акт. Бұған дейін Ислам мемлекеті террорлық ұйымының содырлары Еуропа елдерінде көлікпен талай адамды басып өлтірген-ді.

Сайфулло Саиповты жеке танитын азаматтар оның бұндай қадамға барғанына сенбей, таңданып жатыр. Бірақ, лаңкестің өмірде өте тұйық болғанын айтқандар да бар. Енді қылмыстың анық-қанығын білу үшін тергеушілер терористің отадан кейін тілге келгенін күтеді.

Ал еліміздің Сыртқы Істер министрлігі Нью-Йорктегі консулдыққа тіркеуге алынғандардың тізімін тексеріп, жерлестерімізді түгендеуге кірісіп кетті.

comments powered by HyperComments