Домой Новости Моңғолиядан келген оралмандар Қазақстандағы зейнетақының аздығына күйінді

Моңғолиядан келген оралмандар Қазақстандағы зейнетақының аздығына күйінді

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы келісім 2014 жылы күшін жойған соң, ол жақтан келген оралмандардың зейнетақы мөлшері де тым азайып кеткен деп хабарлайды sputniknews.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Моңғолиядан келген оралмандар Қазақстандағы зейнетақының аздығына күйіндіКӨРНЕКІ ФОТО

Бұл туралы мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков мәлімдеді.

Қазақстанда Моңғолиядан келген қандастардың еңбек өтілін есепке алмай отырғанын бірнеше жыл болған.

Кеше ол еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, 1990 жылдары Моңғолиядан келген қазақтардың үндеу жазғанын айтты.

«Мәжіліске оралмандардан үндеу хат келіп түсті, олар 1991-1992 жылдары елге Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыз. Олар өздерінің зейнетақысына қатысты туындаған жағдайларға қатты алаңдап отырғанын хабарлады», —  деді Жамбыл Ахметбеков мәжілістің жалпы отырысында.

2014 жылы 8 сәуірден бастап Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күшінің жойылуына байланысты Моңғолиядан оралған қазақтардың зейнетақысы күрт төмендеп кеткен. Өйткені оралмандардың Моңғолиядағы еңбек өтілі есепке алынбай отыр.

Мысалы, Моңғолияда мемлекеттік қызметте 46 жыл еңбек еткен азамат қазір Қазақстанда 12 850 теңге жәрдемақы алады екен. 11 мың теңгені қанағат тұтуға мәжбүр болып отырған адамдар аз емес.

«Мәселен, үндеу жазған Шаяхмет Бұрқанұлы Моңғолияда 46 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Оның алатын жәрдемақысы 12 850 теңгеге тең. Ал Жұқан Сәлменұлы мен Балапан Қабылқызы есімді оралмандардың еңбек өтілі мүлдем есепке алынбастан 11 теңгелік жәрдемақы бекітілген», — деп сөзін жалғады депутат.

БАҚ деректеріне сүйенсек, Моңғолияның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі екі ел арасындағы келісімнің күшін жою туралы бастаманың Қазақстан үкіметі тарапынан болғанын, ал моңғол тарапы аталған келісім бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға әзір екенін мәлімдеген.

«Мемлекеттер арасындағы бұл келіспеушіліктер ең алдымен бұқара халыққа соққы болып тиюде. Оралмандардың еңбек өтілінің есептелмеуі, яғни Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған келісімнің күшінің жойылуы осы елден Қазақстанға қоныс аударып жатқан қандастарымыздың көшінің тоқтауына әкеп соғуы мүмкін», — деген алаңдаушылығын білдірді Ахметбеков.

Коммунистер фракциясы министрден бұл мәселені үкімет қарауына шығарып, оның шешімін табуды сұрады.

comments powered by HyperComments