Домой Новости Испанов «үй берем» деп алдады: Ақтөбелік жарымжан келіншек жанайқайын жеткізді (фото)

Испанов «үй берем» деп алдады: Ақтөбелік жарымжан келіншек жанайқайын жеткізді (фото)

26 жастағы Әлия Сағындықова — І топ мүгедегі. Үш жыл бұрын тұрмысқа шыққан оның кішкентай бөпесі бар. Пәтер жағалап, кіріптардың күйін кешіп жүрген жас отбасы кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Айтуынша, жағдайын айтып барғанда қала әкімі де арқасынан қағып, шығарып салған.

Испанов "үй берем" деп алдады: Ақтөбелік жарымжан келіншек жанайқайын жеткізді (фото)ӘЛИЯ ЖҰБАЙЫМЕН. ФОТО: ЖЕКЕ МҰРАҒАТЫНАН

«Қазір баламен үйде отырмын. Пәтер жағалап жүргенімізге үш жыл болды. Жолдасымның тапқанын пәтерге, менің жәрдемақымды тамаққа жұмсаймыз. Кіріптар болып жүрген қиын. Көктемде пәтер сұрап, Испановқа кіргенімде «уақытша үй береміз» деп арқамнан қағып шығарып салды.

Үш айдан кейін әкімдіктен ешқандай баспананың берілмейтіні, кезекпен ғана үй алатыным жазылған хат келді. «Жауапқа қанағаттанбасаң сотқа шағымданыңыз» деп жазып жіберген. Мен әкімнің жұмысына арыз айту үшін емес, көмек сұрап барған болатынмын»,- дейді Әлия Сағындықова.

Кейіпкеріміз мүгедектер үшін пәтер жалдаудың өзі қиын екенін айтты.

«Көп адам бізді үйіне кіргізбейді. Арбада отырған адам үйге дәрет сындыра ма деп шошып, жолатпайтын қазақтарды көрдік. Ішінде тарақандары бар, иістенген үйлерге ғана кіргізеді. Көпшілігі жүре алмайтынымды бетіме басып сөйлейді. Мүгедегі бар қаңғып жүрген отбасы үшін пәтер жалдаудың өзі қиын», — дейді ол.

Испанов "үй берем" деп алдады: Ақтөбелік жарымжан келіншек жанайқайын жеткізді (фото)ӘЛИЯ ЖҰБАЙЫМЕН. ФОТО: ЖЕКЕ МҰРАҒАТЫНАН

Әлия тұрмысқа шыққаннан бері пәтер жағалап жүр. Ол сүйген жігітінің арбамен өзін қалай алып қашқанын да айтып берді.

«Жолдасыммен әлеуметтік желі арқылы таныстық. Хат жазысып тұрдық. Арбада отырған суретімді парақшама салып қойған болатынмын. Дені сау жігіттің мен сияқты қызға хат жазғанына сенбей жүрдім. Кездесуге шақырған кездерінде бірнеше рет шықпай да қалдым. Интернет арқылы алдайтын жігіт болар деп қорықтым.

Біз үш жыл кездестік. Мені саябаққа серуенге апарып, ұнататынын айтты. Отбасын құруға менің анам қарсы болды. Сол кезде жолдасым анам жоқ кезде келіп, мені арбаммен алып қашып кетті. Қазір баламыз бар. Жақында үш жасқа толады», — дейді Әлия.

Испанов "үй берем" деп алдады: Ақтөбелік жарымжан келіншек жанайқайын жеткізді (фото)ӘЛИЯ ЖҰБАЙЫ ЖӘНЕ БАЛАСЫМЕН. ФОТО: ЖЕКЕ МҰРАҒАТЫНАН

Бала күнінен арбада отырған Әлия өзінің жүріп кететініне сенеді.

«Аяғымды да, қолымды да қозғалта аламын. Үйде еңбектеп жүремін. Не себепті екенін білмеймін, тұрып жүру қиын. Анамның маған айы-күні жетіп отырғанда қайын сіңілісі итеріп жіберіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Менің тағдырдан таяқ жеген өмірім осылай бастады.

Сегіз айлығымда өздігімнен тамақ ішу, қозғалу болмаған соң анам ауруханаға апарған. Дәрігерлер мені жуындырып жатқанда қолдарынан түсіріп алғандарын айтады», — дейді Әлия Сағындықова.

comments powered by HyperComments