Домой Новости Елімізде 30 мың теңге жалақыға күнелтіп жүргендер жанайқайын жеткізді

Елімізде 30 мың теңге жалақыға күнелтіп жүргендер жанайқайын жеткізді

Қазақстанда 30 мың теңгеден сәл асатын еңбекақыға қарап отырған адамдар көп. Олар аз ғана ақшаға күн көріп, бала-шағасын асырайды. Өкініштісі, халықтың басым бөлігінің жағдайы осындай деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Елімізде 30 мың теңге жалақыға күнелтіп жүргендер жанайқайын жеткіздіКӨРНЕКІ ФОТО: VK.COM

Мұндай жалақы олардың қосымша табыс табатын жерінен алатын айлығы емес. Дәлірек айтсақ тұрақты істейтін жұмысынан тиын-тебен алатындар баршылық. Есесіне, олардың жұмысы өте ауыр, кейде тіпті екінің бірі істегісі келмейтін лас істерді атқаруына тура келеді.

Арай — балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етеді. Бес жылдық тәжірибесі бар маман — 1,25 ставкамен жұмыс істейді. Таңғы сағат сегізден кешкі жетіге дейін тыным таппайтын келіншектің алатыны — 32 мың теңге ғана.

Үш баланың анасы мүлде жұмыссыз отырғаннан гөрі жақсы ғой, осыған да «шүкір» деп күрсінеді.

«Күнде тамаққа беру керек, жолдарына беру керек. Оның барлығы ақша. Енді жұмыс жоқ болғасын, қазір осы жұмысқа ұсталып жүрміз», — дейді тәрбиешінің көмекшісі Арай.

Дәл осындай жағдай оралдық Света Үмбетованың да басында бар. Қалалық перзентханада лифтёр болып жұмыс істейтін жалғызбасты ананың еңбекақысы мардымсыз. Пәтер жағалап жүргеніне биыл он жылдан асқан.

Оның үстіне демікпемен ауырады. Осыдан екі жыл бұрын банктен 250 мың теңге несие рәсімдеп, дәрі сатып алады. Біразын пәтер ақыға төлепті. Кейін денсаулығы сыр бергенде несиесін өтей алмай қалған. Қазір шаршап-шалдығып табатын жалақысының басым бөлігін банкке төлейді екен.

«Жалақым 32 000. Соның 12 мыңын ғана банктен барып қолыма аламын.Қалғанының бәрін кредитке ұстайды. 12 мың пәтерге жетпейді немесе балам екеуміздің жолымызға жетпейді. Балам екі мезгіл жаттығуы мен сабағына барып келеді. Тоғызыншы сыныпта оқиды. Өзім жұмысқа барам. Бесінші қабатқа көтеріліп-түсудің өзі дәрінің арқасы», — дейді жалғызбасты ана Света Үмбетова

comments powered by HyperComments